Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі ескеріле ме?
Рудныйдағы зағиптар ұйымы жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесіп, қоғамдық көліктегі жолақының өсуіне байланысты алаңдаушылығын білдірді. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Ирина Дмитриева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Светлана Костина, тұрғын үй коммуналды шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Людмила Сазанович пен мүгедектер мәселелері бойынша қала әкімінің кеңесшісі Серік Шәйкенов қатысты.Еске сала кетейік, апта басынан бері қоғамдық көлікте жүру ақысы 45 теңгеден 60 теңгеге көтерілді. Жолаушылар тасымалы бойынша өткізілген конкурста «Рудныйавтотранс» ЖШС жеңімпаз деп танылғанымен құжат бойынша онда тек зейнеткерлерге 10 теңге жеңілдік қарастырылған. Бүгінде болар іс болып, бояуы сіңгенімен, көру мүмкіншілігінен айырылған жандар бұл мәселеге қатысты өз ойларын былай деп айтты.
-1-2 топтағы зағип жандар үшін қоғамдық көліктегі жолақы жеңілдігі алып тасталынды. Бұл жеңілдік Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде облыс орталығы Қостанай қаласында бар. Бірақ та белгісіз себептерге байланысты әкімдіктегілер біздің мүддемізді қорғау үшін ешнәрсе істеген жоқ. Олар тендер құжаттамасын қабылдамас бұрын біздерге арналған жеңілдікті ескеруі тиіс еді, – дейді қоғам жетекшісі Мақсұт Фазылов.
Жиында билік өкілдері қалыптасқан жағдайды барынша түсіндіріп бақты. Мәселен, ТКШ бөлімінің басшысы Людмила Сазанович заң бойынша 7 жасқа дейінгілер 100 пайыз және 7-15 жас аралығындағы оқушылар ғана 50 пайыздық жеңілдікке ие екендігін айтты. Басқа категорияларға жеңілдік қарастырылмаған. Бірақ та, қазір осы мәселеге байланысты қала әкімінің орынбасарлары нақты шаралар әзірлеп жатқандығын жеткізді. Ал жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар Светлана Костина былай деп жиналғандарды сабырға шақырды:
– 1-2 топ мүгедектеріне салық және кейбір төлемдер бойынша мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Ал «Салық туралы» Кодексте жолақы мәселесі деген арнайы пункт жоқ. Түрлі әлеуметтік төлемақылар мен жеңілдіктер көмектің қосымша түріне жатады және ол бюджетте бар қаражатқа негізделеді, – деді.
Бүгінде Рудный қаласында 4200-ден астам әр түрлі топтағы мүгедектер тіркелген. Оның 50-і – зағип жандар. Сондықтан бұл мәселе – шағын қала тұрғындары үшін өзекті. Әкімдіктегілер егер қаржы бөлінетін болса, мүмкіндігі шектеуші жандарға айына бір реттік төлемақы немесе тасымалдаушы тарапқа жеңілдік қарастыру үшін субсидия бөлінетіндігін айтты. Дегенмен, бұл қаржы қашан бөлінетіндігін ешкім ашып айтпады. Қоғам жетекшісі Мақсұт Фазылов шілде айының соңына дейін мәселе шешілмесе, қала әкіміне, ол жақтан нәтиже шықпаса, облыс әкіміне шағымданатындығын жеткізді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ