«Ақтөбеден» аса алмады
Қазақстан Ұлттық чемпионатының Премьер-Лига командалары арасындағы кезекті 20 тур ойындары болып өтті. Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда, «Ақтөбемен» күш сынасқан болатын.
Ә дегенде матч шиеленісті басталды. Кездесудің бесінші минутында алаң иелерінің өз қақпаларының алдында абдырап қалған сәтін тиімді пайдаланған Томаш Шимкович есеп ашты. Әттең, таблодағы есеп ойынның 43-ші минутына дейін ғана сақталды. Үсті-үстіне шабуылды үдеткен ақтөбелік футболшылар ақыры А.Петухов қақпасының кілтін тапты. Команда капитаны Юрий Логвиненко өзіне қарай бағытталған допты баспен ұрып, «Тобылдың» қақпасына тоғытты. 1:1.
Үзілістен кейін Вардан Минасян И.Бугаевтың орнына И.Иеслинекті алаңға шығарды. Алайда, ол да «Тобылға» тың леп әкеле алған жоқ Ойынның 58-ші минутында алаң иелерінің ойыншысы Алексей Антонов 25 метр қашықтықтан қостанайлық команданың қақпасын дәл көздеді. Қостанайлықтар еліміздің бес дүркін чемпиондарына қарсы тұра алған жоқ. Кездесудің 62 минутында Игорь Зенкович таблодағы есепті 3:1-ге жеткізіп,командаластарын алға шығарды.Ойынның соңына таман Фархадбек Ирисметовтың орына Нұрбол Жұмасқалиев шыққан. Жарақатынан енді айыққан «Тобылдың» капитаны да алаң ойынға еш өрнек әкеле алмады. Сонымен, жерлестеріміз сырт алаңда тағы да жеңіліс тапты.
Әлібек Ыбырай