Камера қырағы қадағалайды (БЕЙНЕБАЯН)

Рудныйлық полицейлер скутер ұрлығын 10 минуттың ішінде «іздерін суытпай» ашты. Қылмыскерлерді құрықтауға ІІБ жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары көмектесті.скутерОқиға 28 маусым күні сағат 2.30-да орын алған. Орталықтың инспекторы Әлібек Алтынбаев Қашар және Ленин көшесінің қиылысындағы автотұрақта жалғыз тұрған скутерді байқап, сағат түнгі 00.00 шамасында камералардың бірін соған бағыттап қойған. Екі сағаттан кейін белгісіз біреулер көлікті ұрламақ болып әрекеттенгенде, орталық қызметкері жақын маңдағы полиция автопатруліне жедел хабарлаған. Қылмыскерлер полицейлерді көрісімен қарасын жасыруға әрекеттенеді. Бірақ та олардың бұл әрекетінен ештеңе шықпайды. Қылмысы әшкереленген үш жігіттің жас шамасы 20-21-де.
– Қазіргі уақытта көше қылмыстары бірте-бірте азайып келеді. Тұрғындар қаланың көптеген жерінде бейнебақылау камералары орнатылғанын және кез келген құқықбұзушылық әрекеттің ашылатынын жақсы біледі – дейді Рудный қалалық ІІБ ЖБО басшысы Асқар Оразбаев.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен 2976 құқықбұзушылықтың алдын алып, 10 қылмыстың басын ашты. Жақын арада орталық тағы да қосымша камералар сатып алып, оларды тұрғын үй аулаларына орнатуды жоспарлап отыр.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓