Еңсесі биік Елорда!

20160701_110426_resizedАстана – Тәуелсіздіктің бойтұмарындай
 
Астанаға алғаш келген кездерім әлі есімде. Көшелері көнетоз, шаңға оранып жататын. Жан-жағың – жағалай құрылыс алаңдары. Қостанайдай мұнтаз таза, жасыл шаһардан келгеннен кейін үйрену оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өткен сайын Астана ажарланды. Санаулы-ақ жылдар ішінде абат қалаға айналып шыға келді. Жасыл желек жамылып, ақшаңқан алып ғимараттар бой таластырды. Көз суырардай көркі асып, əлем қызығатындай ордаға айналды. Тәуелсіз елдің алақанында, Арқаның төсінде еңсе тіктеген Елорданы қазақстандықтардың мақтанышы, болашақтың бойтұмары десе, жарасып-ақ тұрғандай…
«Аңызақтан баққа айналған» қаланың түзілу, түрлену кезеңдеріне куә болдым. Менің дағы болашаққа батыл қадамдарым осы Астанада жасалды. Қызметім, отбасым – барлық тыныс-тіршілігім осы қалада. Қазір мен өмірімді Астанасыз елестете алмаймын!
 
Дулат Нуркин,
Астана қаласының тұрғыны.
 
саят3Армандарға қанат бітірген…
 
2010 жылы, мен Қостанай қаласында жоғары оқу орынын аяқтаған жылы жанұямызбен Аманкелді ауданынан Астана қаласына көшіп келдік. Ол уақыт жұрттың көбі елорданы бетке алып көшіп жатқан кез еді. Біздің отбасымен қоныс аударуымызға тікелей менің қатысым болды. Өйткені, еңсесін енді тіктеп жатқан Елорда өнер адамдарын қызықтырмай қоймады. Басында үйсіз-күйсіз жүруден жүрексіндік. Бізден бұрын көшіп келген туысқандарымыздың бастарында баспаналары жоқ еді. Бас қаладағылардың басты арманы үйлі болу екендігін жалдамалы пəтерде тұрғанда бір-ақ білдік. Əйтеуір əкеміздің маңдай терімен келген жекеменшік автобусымыз тіршілігімізге талшық беріп, мұқтажымызды түгендеп, кемшілігімізді бүтіндеп отырды. Шынымен де, ол уақытта біздің ойымызда тек үй алсақ деген тілек-қиял ғана болды. Жасырар несі бар, алғашқы жылдары ауылға қайта көшкіміз де келген. Тар бөлмеде тыныстап келсек те, арманға иек арттық. Сендік, шыдадық. Ақыры, көшіп келген жылдары мемлекеттік балабақшаға жұмысқа тұрған анам, Алла сəтін салған болар, мемлекеттік тұрғын үйдің кезегіне тіркеу басталып, тізімге ілікті. «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Биыл үш бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Бұл əке-шешемнің көрген қиыншылықтарының өтеуі іспетті. Сол тұстары мен де қабілетім арқылы ортаға танылып, ісім ілгерілей бастады. Табысым көзі той бизнесі болды. Материалдық та, рухани тұрғыдан да бәрі ойдағыдай оңалды. Жолымнан жақсы алдамдар жолықты. Көптеген өнер иелерімен таныстым. Айтыс ауылында да есімім таныла бастады. Жүрсіннің жүйріктерінің ортасында жүрмін. Аллаға мың тәубе!
Жалпы, Астананы өз басым жақсы көремін! Болашақтың ордасы деп бекер айтып жүрген жоқ. Қанатымды қатайтқан мекен – осы. Бүгінгі күнде елге танылуыма осы елорда себеп болды. Жан-жағымда – қаумалаған өнер адамдары, жанымда – отбасым! Армандарға сендіретін Астананың тұрғынына айналғаныма қуанамын! Десе де əр перзент үшін өз туған жерінен ыстық жоқ. Қанша жырақтасам да жүрегім "Торғайым" деп соғып тұрады…
 
Саят Әбенов,
Астана қаласының тұрғыны.
IMG_1866Жасара бер, Астана!
 
Бұрындары елордамыз Астанаға асығыс барып, асығыс қайтатынмын. Мен үшін жанталастың қаласы ретінде көрінгенін жасыра алмаймын. Адамдардың барлығы бір жаққа асығыс, тынымсыз, тірлікке ұмтылыс. Мұндайға үйренбеген қостанайлық мен жатырқай қарағаным бар еді. Бірақ биыл жұмыспен барып, ұзақ уақыт болдым. Қаланы түгелімен аралап, барлық жерін тамашаладым. Астана маған жаңа қырынан танылғандай. Көркем, әсем, шабытқа толы қала. Әрбір ғимарат сәулетті, талғамммен салынған. Қыдырып баратын, аралайтын мәдени ошақтардың көптігі мені қуантты.
Анам Астанаға балаларымның болашағы үшін деп көшіп барған еді. Енді бұл қала бауырларым мен анам үшін жаңа белестерге жол ашатын құтты мекенге айналатынына сенемін. Келешекте өзім де Астанаға орын ауыстырғым келеді. Мүмкін бұл арманым орындалып та қалар.
Астана күні халықтық мерекеге айналды. Елбасының бастамасының, сенімінің арқасында жаңа қала пайда болды. Аз ғана жыл ішінде зәулім ғимаратқа толы, жасыл желекке орынған әсем қаланы дүниеге әкелу оңай емес екені белгілі. Бұған еңбек, сенім, серпіліс қажет болды.
Келер жыл айтулы жыл. ЭКСПО көрмесі әлемге есігін айқара ашып, Астана бар әлемді тамсандырмақ. Бұл шараға да қытысып, тарихи кезеңнің куәгері болғым келеді. Бұл кез келген жастың тілегі шығар. Арман қала, ару қала атанған Астанамыз жасара берсін дегім келеді.
Ақжарқын Жанғабылова,
аға инспектор, психолог.

 
АстанаБақытты ұрпақтың ордасы
 
Мен – Қостанай облысына қарасты Аманкелді ауданының тумасымын. Мектеп бітірген соң Алматы қаласына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдадым. 2010 жылы 4 жыл еңбегімнің жемісін қолыма ұстап, ауылға қайта оралдым. Бірақ туған жерде маған жұмыс орны табылмады. Содан соң Астананың қазіргі барлық тұрғындары сияқты арман қуып Елордаға аттандым. Келісімен, күтіп тұрған жұмыс болмаған соң, төрт айдай астанада бос жүруге тура келді. Түйімдемемді таратып тоздырмаған табылдырық қалмады. Сөйтіп жүргенімде «БТА» банкінен хабарласып, жұмысқа шақырды. Түйіндемедегі мен туралы ақпаларды көріп, маған таңдана қарайды басшы. Өтйкені, мектеп күніменен жақсы оқыдым. «XXI ғасыр көшбасшысы» сынды телевизиялық интелектуалды байқаудың жеңімпазы атандым, мектепті беске бітіріп, ЖОО-ның да жақсы аяқтағам. «Егер осының бәрі рас болса, дәлелдеуіне 15 минут уақыт берем» деп, болашақ басшым талап қойған еді. Екі өкпемді қолыма алып, үйіме қарай жүгірдім. 15 минутта үлгермесем де, әйтеуір, қызметке  орналастым. Мансабым осылай басталған еді. Кейін «ВТБ» банкіне жұмысқа ауыстық. 2014 жылдан бері сол жерде Тұрғындарға қызмет көрсету басқармасының басшысы қызметін атқарамын.
Міне, қазір өткен күндерді күліп еске аламын. Бала күнімізде ауылда дүниеге келген асқақ армандар осылайша Астанада орындалады. Астана – мүмкіндіктер қаласы. Қазақтың барша жастары үшін салынған шаһар. Бақытты ұрпақтың ордасы. Қазір осы қаланың тұрғыны болып кеттік. Бас қаламызбен қатар өсіп келеміз десем, еш қателеспеймін. Мен сені жақсы көремін, Елорда!
Біржан Мешелов,
Астана қаласының тұрғыны.
 
IMG_1410Елдің басты байлығы – адам
 
Жастардың заманға сай жеке тұлға ретінде дамуы мемлекеттің басым бағыттарына айналып отыр. Сондықтан қазақстандық жастардың интеллектуалдық, инновациялық мүмкіндіктерін дамытуға баса назар аударылуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық  жаңа экономикалық өрлеу  Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің ең басты байлығы  адам екеніне ерекше мән береді. Біздің басты құндылығымыз  Тәуелсіздік болса, байлығымыз адам капиталы. Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алып, жайлы баспанамен қамтылуына, балаларымыздың бейбіт елде өмір сүруіне ерекше назар аударуы сондықтан.
Ұлт Көшбасшысы аймақтарда жастардың ресурстық орталықтарын ашу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын да тілге тиек етеді. Бұрынғыдай аула клубтары қажет-ақ. Кейінгі толқынды бір мақсатқа жұмылдыра білген «Жас Отан» жастар қанаты еліміздегі жетекші ұйымға айналды. 2012 жылғы дерек бойынша, оның құрамында 200 мың адам бар.
2015 жылғы 9 ақпанда Елбасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына қол қойды. Маңызды құжат жастардың мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсенді қатысуын, олардың әлеуметтік инфроқұрылымға қол жетімдігін қамтамасыз етуге, жастар саясатын іске асыруда мемлекеттік органдардың жауапкершілігін жоғарылатуға бағытталған. Мемлекет басшысы «жастар  болашағымыздың тірегі» деп кейінгі толқынға сенім артады. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында  XXI ғасырдағы қазақстандық жастар білімді, бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілмек.
Бағытжан АЛШАНОВА,
еңбек ардагері.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓