Тыныштығы қашқан тұрғындар

Бүгін "Қостанай таңы" облыстық газеті сайтының "Фейсбук" желісіндегі жеке парақшасында Қостанай қаласының Раушан Қошығұлова есімді тұрғыны өзінің шағымымен бөлісті. Бақсақ, бұл азаматшаның айтпағы бүкіл көршілерінің көкейінде жүрген мәселе екен:
Сәлеметсіздер ме?! Мен Абай көшесіндегі 68-үйде тұрамын. Бұл – Л.Беда көшесі қиылысындағы 10 қабатты үй. Біздің бас ауруымызға айналып отырған мәселе ауладан салынған екі қабатты жаңа ғимарат болды. Астына нысан иесі 4 автожуу кабинасын салып, үстін түнгі клуб етіп жалға беріп қойды. Қазір мұнысы "Ла Коста" деп аталады. Бар мәселе – осында. Шамасы, ғимарат қабырғалары дыбыс ұстай алмай ма, изоляция мүлде жоқ. Күндіз қас қарайғанша көлік жуушылардың үздіксіз "дызылы" мазаны қашырып, ал 24.00-ден кейін нағыз "тарсыл-гүрсіл, жын ойнақ" басталады. клубКлуб аппаратурасының акустикалық "соққылары" құлақтың түбін солқылдатын шығады. Пластикалық терезелеріміздің жабық тұрғанына да қарамайды. Музыканы былай қоя тұр, ішкендердің шу-айқайы, төбелес-айқас, дарыл-дұрыл еткен жеңіл көліктер, тағысын тағы… түнді басына көтереді.  Күннің шығысынан бастап таңғы сағат 04.00-ге дейін солқылдап бітетін шекеміздің соры күшті.  Үйдің тұрғындары бұрынғы тыныштық пен тәтті ұйқыларын кімнен, қалай қайтарып аларын білмей дал болып біткен. шумБізді қойшы, маңымыздағы жер үйлердің не болып жатқанын кім білсін. Бастарын жарға соққылап жүрген шығар. Обал ғой… Жер үйлерде көбінесе егде жастағылар тұрады емес пе! "Ақша, ақша" деп, өзге адамдардың мүддесін "жақшаға" ала салуға бола ма?! "Күштінің арты диірмен тартса да" қарайған жұрттың төзімін талқыға тартатын кім ол?! Тұрғын біткеннің қарғысы түні бойы ғимарат иесінің құлағын шулатып шығатынын сеніммен айта алар едім! Бәріміздің қалайтынымыз – маза, сол бұрынғы мимырт тіршілігіміз. Біздің бұл арызымыз аяқ асты қалмай, оңды шешімдер осы аудан тұрғындарының пайдасына бұйырады деп үміттенеміз! Жазбамды елеп-ескеріп жатсаңыздар, шексіз алғыс!
 
Осы мәселені алға тартып, "Қостанай таңы" облыстық газетінің заңгері Алексей Проценкоға жүгінген едік. Маман бұл түйткілді тарқатудың жолын нұсқап берді.
-Мұндай жағдайда тұрғындар учаскелік полицейлерге баруы керек. Солар-ақ мәселенің ақ-қарасын ажыратып беруі тиіс. Ойын-сауық орындарының өзіндік белгіленген жұмыс істеу тәртіптері бар ғой. Егер клуб немесе шатхана тұрғын үймен бірге орналасқан болса, кешкі сағат 23.00-ге дейін ашық тұруына рұқсат бар. Ал үйден бөлек, оқшау тұрған нысан болса, ондай шектеу қойылмайды. Дегенмен сағат 23.00-ден соң дыбыс қуаттылығының ретті, мөлшерлі, бақылауда ұсталуын қадағалауға тура келетін жағдайлар болады. Бір сөзбен, аумақтық тәртіп сақшылары бұл шағымның негізді-негізсіздігін айқындап берер еді.   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓