Өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты

Елімізде мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары ветеринария саласының жүйесімен бірге даму үстінде. Қостанай облысы бойынша ветеринариялық қызметтің 2016 жылғы жарты жылындағы жұмыс қорытындысы бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының диагностикасы және алдын алуы жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспары толық көлемде жүзеге асырылған. Қазір өңірде аса қауіпті жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Б.Қайыпбай мәлімдеді. article8205Басқарма басшысының сөзінше, ветеринария саласы бойынша алдын алу және диагностикалық шараларға жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. Ағымдағы жылы өңірге осы мақсаттарға 4 млн. астам қаржы бөлінген көрінеді. Өткен жылы облыста киіктердің жаппай қырылуы қатты алаңдаушылық тудырған еді. Осыған байланысты жергілікті билік ветеринария мамандарына киіктерге вакцинация жасауды қадап тапсырған болатын. Жоспар бойынша 52614 басқа вакцина жасалуы тиіс болса, бұл жоспар артығымен орындалған. Облыс әкімі бұған басқарманың қаржыны қайдан алғандығын сұрады. Берікжан Қайыпбай ауылшаруашылығы министрлігінен қосымша көмек сұрап, нәтижесінде тегін вакцинаға қол жеткізгендерін айтты.  Сонымен қатар, биылғы жылы сібір жарасының алдын алу мақсатында өңірдегі барлық іріқара 100 пайызға вакцинацияланған көрінеді. Бұған қоса, 217 500 ұсақ мал, 48 400 жылқы, 81900 шошқа және 150 түйеге сібір жарасына қарсы вакцина егілген.
Ал, бруцеллез ауруы бойынша ағымдағы жылдың алты айында 280 мың іріқараға тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 3212 бастан ауру белгілері анықталған. Сондай-ақ, тексерістен өткізілген 332 мың ұсақ малдың 69-ынан жұқпалы дерт белгілері анықталған. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда үстіміздегі жылдың  алты айында облыста жалпы бруцеллезді жұқтыру деңгейі төмендеген көрінеді. Мәселен, Қарасу, Әулиекөл, Аманкелді, Қамысты, Жанкелдин және Денисов аудандары мен Арқалық қаласында бруцеллезге шалдығушылық дейгейі төмендеген. Соның ішінде, Аманкелді мен Жанкелдин аудандары соңғы екі жыл ішінде ветеринариялық шаралардың алдын алу бағытында нақты әрі жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Керісінше, Әулиекөл ауданындағы жағдай көңіл көншітпейді, мәселен тексерістен өткен 24 251 асыл тұқымды малдың мыңнан астамынан ауру белгілері анықталған. Сондай-ақ, ауру деңгейі Науырзым, Алтынсарин, Меңдіқара аудандарында да мәз емес. Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылға жоспар бойынша жеткізілуі тиіс кейбір вакциналардың тең жарымы әлі күнге дейін жеткізілмегендігін де тілге тиек етті.
Жиын барысында мал өлекселерін көметін орындар мәселесі де сөз болды. Б.Қайыпбайдың сөзінше, бүгінде көптеген ауылдық жерлерде жануарлардың өлекселері ашық шұңқырларға көміліп жүр, ал бұл өз кезегінде түрлі жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеліп соғуы да әбден мүмкін. Сондықтан, басқарма басшысы аудан, қала әкімдеріне арнайы палигондар үшін бюджеттен ақша қарастырып, бұл мәселені тездетіп шешуді сұрады.
Жиын соңында облыс әкімі А.Мұхамбетов те бруцеллез дертінің алдын алуда салдыр-салақтық танытып отырған аудандардың басшыларына жыл аяғына дейін бұл мәселені шешуді қадап тапсырды.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓