Достықтың дәнекері
Бүгін ERG құрамына кіретін Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік бірлестігінде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын қосқан форум басталды. Қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға, рухани бірлік пен толеранттылықты дамытуға бағытталған басқосу ССКӨБ-тің 60 жылдығына арналды.
Түрлі ұлт өкілдері мерекесінің алаңы үшін алып өндіріс ошағы бекерге таңдалып алынған жоқ. Сонау 50-ші жылдары құрылған алып өндірістің құрылысына бұрынғы кеңес одағының түкпір-түкпірінен жүздеген энтуазистер ағылып келді. Шындығында, бұл интернационалдық екпінді құрылыс атанғанын мерзімді басылымдар жарыса жазған болатын.Қазіргі күні де ССКӨБ-те 50-ден астам ұлт өкілдері жұмыс істейді. Кәсіпорындағы қалыптасқан достық пен бірліктің арасында ұжым ірі өндірістік һәм әлеуметтік жетістіктерге жетті. Мұнда ұлтараздығын қоздыруға жол берілмейді. Біртұтас, бар іске бір жұдырықтай жұмыла білген команда жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыруда іркіліп көрген жоқ.
-Біз бір елде өмір сүреміз. ССКӨБ тәрізді бір кәсіпорында жұмыс істейміз.Барлығымыз да қазақстандықтармыз! Біздің ұжым өте тату, арамызда түрлі ұлттың өкілдері бар.Олардың бәрі де еліміздің гүлденуі жолында әрқашанда еңбек көрігін қыздыра бермек,-дейді «Рудоавтоматика» өндірістік-технологиялық басқармаға қарасты ақпараттық технологиялар орталығының маманы Александр Те.
Мұны бүгінгі келелі басқосуға жиналған 300-ден астам түрлі ұлт өкілдерінен құралған форум делегаттары да қолдайды.Олардың әрқайсысы Қазақ елінің әлемдік аренадағы қол жеткен табыстары ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімнің арқасында келген жетістік екендігін айқын сезінеді.
-Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI-інші сьезінде Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда негізгі фактор-қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің атқарар рөлі ұшан-теңіз. Өндіріс орынындағы бірліктің арқасында кәсіпорын жыл озған сайын тың нәтижелерге қол жеткізіп келеді,-деп атап көрсетті ССКӨБ президенті Мұхамеджан Турдахунов.
Кеншілер қаласында өткен Қазақстан халқының кіші Ассамблеясында ҚХА облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағытұр Дәндібаев қатысып, сөз сөйледі. Форум аясында этномәдени бірлестіктердің концерті өтті. Сондай-ақ,ұлттық ойындар мен әр халықтың ұлттық тағамдарының байқауы ұйымдастырылды. Айтпақшы, осы жолы ССКӨБ кәсіподақтар комитетінің жанынан Ұлт өкілдерінің кеңесі құрылды.
Әлібек Ыбырай