Рамазан айындағы қайырымдылық
Қасиетті Рамазан айында Қостанай аудандық Маңдай батыр мешітінің имамы Азамат қажы Мырзақановтың ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Ол иманды азаматтардың демеушілігімен мемлекеттік тілде оқытатын Заречный ауылындағы орта мектепте тұрмысы нашар отбасы балаларын жаздық және қысқы киім-кешекпен қамтамасыз етті.
– Бұл игі істі қасиетті Рамазан айында қолға алып отырмыз. Өзім осы ауданға имам болып жақында тағайындалдым. Алдағы уақыттарда мұндай шараны тағы да ұйымдастыруға мұрындық болмақшымыз,– деді Азамат қажы Мырзақан мектеп директоры Айткүл Әлімоваға.
Бұл игі іс келешекте дәстүрге айналса, сондай ғанибет болатынын осы мектептің әлеуметтік педагогы Сандуғаш Кәрменова да қостады.
Келесі апталарда Маңдай батыр мешітінде жастар арасында (25 жасқа дейін) құраннан және ақсақалдарымыздың қатысуымен батадан жарыс өтпекші. Бұдан озып шыққандар облыстық бәйгеде бақтарын сынамақшы.
Сондай-ақ, Қостанай аудандық мешітінде сауат ашу курстары да ашылып, болашақ ұрпаққа имандылық дәрістерін өткізбекші.
Нұрболат Мешітбаев
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков