Көптен күткен жоба
Жақын күндері Рудный қаласында көптен күткен цемент зауыты іске қосылмақ. Бүгінде оның алаңында абаттандыру мен асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қостанай облысы ғана емес, жалпы Солтүстік Қазақстан өңірі үшін маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 14 млрд теңге қаражат жұмсалды. Оның ішінде, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 700 млн. теңге бөлінген.
Зауыт директоры Николай Ведерниковтың айтуынша, дәл қазір 250 адаммен еңбек келісім шарты жасалған. Зауыт жылына М-400 және М-500 маркалы цементтың 500 мың тоннасын өндіреді деп жоспарланып отыр.
– Дәл осы марка тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттарды салу үшін қолданылады. Қостанайлықтар осы уақытқа дейін бұл өнім түрін Ресейден алып келді. Сондықтан отандық өнімге деген сұраныс жоғары болатындығына сенімдімін, – дейді Николай Юрьевич.
Айта кетерлігі, зауыттың құрылысы 2012 жылдың мамырында басталған болатын. Бірақ та қаржы тапшылығына байланысты оның іске қосылу уақыты бірнеше рет кейінге шегертіліп келді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ