Жанайкерім жүлдемен оралды
Шілде айының 4-6 аралығында Астана күні мерекесін тойлау аясында "Еуразия" арнасының тікелей эфирінде "Аялаған Астана" телевизиялық – сазды балалар байқауының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті.
Финалда Қазақстанның әр аймағынан жиналған 17 дарынды бүлдіршін ерекше қойылымдарымен көпшілік алдында өнер көрсетті. Басты мақсат – байқаудан озып шығып жеткіншекке "Детская Новая Волнада" Қазақстан атынан қатысатын жолдама мен 1 млн. теңге табыс етілді.
Телевизиялық шоуда жас өнерпаздар Руслан Бутабаев бастаған "Zaratushtrа Ваnd" оркестрімен жанды дауыста ән айтты. Қатысушылардың кейбірі дуэтте және триода өнер көрсетті. Жалпы концерттік бағдарламаға 12 қойылым әзірленді.
"Балалық шақтың әнұраны" атты байқаудың бірінші күні қатысушылар балалар репертуарынан түрлі әндерді орындаса, екінші күні әйгілі мультфильмдердегі әлемдік хиттерді, "Атамекен" атты қорытынды күні жас әншілер Астанаға, барша қазақстандықтарға арнап ән салды.
Сонымен, жас дарындарға баға берген халықаралық әділқазылардың шешімімен тікелей эфирде SМS-дауыс берудің нәтижесі бойынша "Аялаған Астана" байқауының жеңімпазы болып астаналық Мұхаммедәли Жүгінісов атанса, Орал қаласынан келген Дания Ишанкулова 1, ақтаулық Луиза Нұрқуатова, екібастұздық Алдияр Орекен және біздің жерлесіміз Жанайкерім Утегенова бірігіп ән шырқаған « Балапандар" триосы 2, алматылық Ясмин Мажитова 3 орындарды иеленді.
Мешіт Ғазиз