Қала көркі басты назарда
Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы бірқатар құрылыс нысандардын аралады. Ең алдымен, қаладағы Үлкен көпірдің ертеңнен бастап қайта ашылатынын айта кеткен жөн. Бұл туралы өңір басшысына «НК «ҚазАвтоЖол» АҚ Қостанай облысындағы филиалының директоры Андрей Говарт баяндады. Шілде айының алғашқы күнінен-ақ қоғамдық көліктер мен басқа да автокөлік түрлеріне жол ашылады. Қозғалыс тек Үлкен көпірдің бір бөлігіне ғана рұқсат етіледі. Ал, қалғаны жоспар бойынша алдағы айдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
(фото kstnews.kz)
Көпірдің айналасындағы жөндеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады. Алайда, тамызда толығымен қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, Затобол кенті жағынан шағын автотұрақта тұрғызылмақ.
Бұдан бөлек өңір басшысы Алтынсарин көшесіндегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мамандардың айтуынша, шаһардағы маңызды көше жақын арада дайын болады. Қаланың бір басынан келесі шетіне дейін жаңарады. Бұл жұмыстарға облыс бюджетінен 536 млн.теңге бөлінген. Сондықтан да А.Мұхамбетов жұмсалған қомақты қаржыға сәйкес сапасы сын көтеретін жол болуын ескертті.
А.Мұхамбетов Қостанайдағы басқа да құрылыс нысандарын аралады. Осы жылдың аяғы мен келер жылы жаңа әлеуметтік нысандар бой көтермек. Бұл туралы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.