Тыл ардагерінің бір өтініші
Қазақ халқы қариясын төрден кетірмеген. Әрбір адам өзінің қарттық шағын уайымсыз өткізуді қалайтыны және бар. Сондай қазынамыздың бірі – «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, КСРО Білім беру ісінің үздігі, тыл ардагері Миғдат Жақыпбайұлы есік алдына шығып, демалып отыратын бір орындыққа зар. Тоқсанды алқымдаған қарияның айтуынша, осыдан 2-3 ай бұрын үй кіреберісінде кішкентай сәкі де болған. Әлдебір тексеріс келіп, оны да алып кетті дейді. Жүзінде мұң бар зейнеткер жергілікті биліктен көмек сұрап отыр:
– Мен төртінші қабатта тұрамын. Шаршап-шалдығып, төменге түсесің, одан соң отыратын жер іздеп жүргенің. Амал жоқ, тас жолға, қала берді, темір шарбақшаның (қоршау) үстіне отыра кетемін. Бірақ, кәрі адамға ол ыңғайсыз. Төрт қабырғада қамалып отырғым келмейді. Сіздердің газеттеріңіз арқылы жоғарғы жаққа өтінішімді жеткізсем деп едім.
Ақсақал бәрінен бұрын билік өкілдерінің бір орындықты қойып береміз деп, артынан уәделерінен тайғанына қапалы:
– Біз қатарлы қарттар үшін таза ауада демалып отыратын орынның жоқтығы – үлкен проблема. Жеңіс күні өткен соң, уәде де ұмытылды. Сол кезде бір орындық қойып береміз деген еді. Тіпті әлеуметтік қызметші бөлу мәселесі шешілетінін хабарлаған. Таза ауаға шығып немесе айналадағы болып жатқан өзгерістерді өз көзіңмен көргің келеді. Маған керегі – осы, – деді Миғдат Жақыпбайұлы.
Қария «Нұр Отан» партиясына да иек артады. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы арқылы мәселенің шешімін тапқысы келеді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков