Ресейліктер турнир чемпионы атанды
Қостанайда 15-16 жасар жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир аяқталды. Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Александр Мирошниченконы еске алуға арналған жарысқа 12 команда қатысуға тілек білдіріпті. Олардың арасында Қазақстан және Ресей жасөспірімдер құрамалары да бар.
«Бұл турнир қостанайлық жас былғары қолғап шеберлері үшін үлкен сынақ болды. Өйткені, бұл жарысқа осал боксшылар келген жоқ.»,-дейді турнирді ұйымдастырушылар.
А.Мирошниченко турнирінде 5 алтын, 7 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған Ресей құрамасы бейресми командалық есепте жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал қазақстандық былғары қолғап шеберлері 4 алтын, 4 күміс және 2 қола медальді қанағат тұтты. Алаң иелері- Қостанай юоксшылары үздік үштікті түйіндеді. Жерлестеріміздің қоржынында 3 күміс пен 7 қола медаль бар. Тобыл бойының намысын жыртқан Айдос Арапов қана 52 келіде қарсылас шақ келтірген жоқ. Сөйтіп ол турнир чемпионы атанды.
Әлібек Ыбырай