Соңғы рет ескертілді
Облыс кәсіпкерлеріне POS-терминалдар орнату қажеттігі туралы соңғы рет ескертілді.
Енді арнайы терминалдар болмаса, салық қызметкерлері оларға айыппұл салады. Бұл туралы облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті басқармасының басшысы Азамат Қожықов облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен семинарда мәлімдеді. Ол заң бойынша арнайы салық тәртібінде жұмыс істейтін бизнесмендердің 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап POS-терминалдар пайдалануға міндетті екендігін атап айтты. Алайда, оларға әлі күнге дейін әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылмаған.
-Біз БАҚ арқылы кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлердің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткіздік, терминал орнатуға тиістілердің тізімін департаментіміздің сайтына орналастырдық. Бүгінгі іс-шара – соңғысы, уақыт жеткілікті берілді. Кәсіпкерлерден жауапты салық төлеушілер ретінде терминалдар орнатуын сұрар едік. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша тексерістер жүруде, айыппұлдар да аз емес, – деп мәлімдеді Азамат Қожықов.
Ол сондай-ақ, POS-терминалдар орнатудың – көлеңкелі экономикамен күресудің бір тәсілі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда 50% қолма-қол ақшалай түсім көлеңкелі айналымда, аппаратты пайдалану қаржылық ағындардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, оның айтуынша, сатып алушылардан да дүкендерде банк картасы арқылы есеп айырысудан бас тартатындығы жөніндегі шағымдар көптеп түседі екен, сол арқылы олардың құқықтары бұзылады.
Оған қоса, салық органдары келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Қостанай облысында бизнесмендердің 18%-ы ғана терминал орнатқан. Кәсіпкерлер палатасы мұның бірнеше себебін атап отыр: құрылғылардың қымбаттығы, транзакция жүргізу үшін екінші деңгейлі банктер бекіткен комиссиясының жоғарылығы және нақты фирмалардың терминалдарын ғана пайдалану қажеттігі. Егер банк жүйесі кәсіпкердің қолындағы аппаратпен кіріге алмаса, ол жаңасын сатып алуға тура келетін жағдайлар да кездеседі екен.
-Түйіткілді мәселелер бақылауға алынып, олар Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілді. Айта кетерлігі, бірнеше жылдан бері ҰКП POS-терминалдар орнату міндетін кейінге шегеріп келген еді, алайда осы жылдан бастап бұл міндет орындалуы тиіс, – деп атап өтті кездесуде Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Самат Сәдуақасов.
Әлібек ЫБЫРАЙ