Мешіттің жөндеу жұмыстары басталды
Оспанқожа әулие атындағы Торғай мешітінің ірге тасы 1992 жылы қаланған. Міне, сол уақыттан бері бұл мешітке ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек жыл сайын мешіттің ішіне ғана ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыратын. Өткен жылы мешіттің шағын намазхана бөлмесінің төбесінен жауын-шашын күндері су тамшылап, мешітке келушілердің берекесін кетірген болатын. Қаржат мәселесі толық шешілмегендіктен сол жылы су аққан жерлерді лаждап бітегендей болды. Бірақ ол амалдың жоқтығынан уақытша жасалған дүние еді.Ал биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың "Көркейе бер, қостанай!" акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қомақты қаржы жиналып, мешіттің жөндеу жұмыстары басталыпта кетті. Оның сыртында ауданның әрбір тұрғындары мұсылмандық парыздарын желеу етіп, ниет білдіре отырып ақшалай көмек көрсетті.
-Қасиетті Рамазан айында мешітіміздің жөндеу жұмыстары басталды. Біз үшін өте қуанышты жағдай. Бүгінгі таңда намаз оқуға ниет білдіріп жүрген жамағаттың қарасы көбейіп келеді. Әсіресе жас буын өкілдері. Сондықтан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан намазхана бізге ауадай қажет. Бұған дейін қыс мезгілінде кішкене бөлмеде сығылысып, жұма намазын оқып келдік. Құрылыс жұмыстары Оразадан кейінгі үлкен айтқа дейін аяқталса деген ниетіміз бар. сәті Алладан. Мешіт жамағаттарының атынан аудан әкімдігіне, аудан тұрғындарына, сондай – ақ, мешітімізге үнемі қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып отыратын жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары Талап Нағашыбайұлына, Нұрболат Сәрсекеевке,
Балғабай Қабжановқа, Нұржан Ғаниматовқа, Бейбіт Тойшыбекұлына, Сағидолла Аяповқа және басқа қалаларда бизнес саласын дамытып жүрген торғайлық азаматтар Қайрат Наурызұлы мен Асхат Қисықовқа шексіз алғысымыды білдіріп, отбастарын амандық, жасап жатқан кәсіптеріне Алла тағала берекетін берсін деп тілегімді жеткізгім келеді,- дейді Оспанқожа әулие мешітінің бас имамы Аян Сәбитбекұлы.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.