Қыстың қамын жаз ойла
Рудныйда жылу маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Құбырларды қысыммен тексеру кезінде анықталған жарықтарды бітеу және капиталдық жөндеу жұмыстары бүгінде Молодая Гвардия көшесінен Горняков көшесіне қарай ауысты. Бұл жерде тозығы жеткен ескі магистралді жылу желілерін ауыстыру 10 шілдеде басталған болатын. Осы уақытқа дейін «Казтеплосервис» мердігер ұйымы диаметрі 530 мм келетін құбырдың 600 метрін орнатып үлгерген.– Бекітілген бағдарлама бойынша 124 миллион теңге қаражат бөлініп, оған ұзындығы 8,4 километрді құрайтын құбырларды жөндеу және ауыстыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бір мезгілде 20,18 шағын аудандар мен 11 кварталда біздің және мердігер компанияның жұмыскерлері жүктелген міндетті жоспарға сай орындап келеді. Жылу желілері тартылған соң, көше бойында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек, –- дейді «Рудный жылу желілері» ЖШС өкілі Владимир Бордоносов.Полиэтилен материалмен қапталатын құбырлар жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұндай құбырлардың тағы бір артықшылығы – олар дымқыл жердің өзінде 25 жылға дейін шыдас беретін көрінеді. Қазір күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты Мира және Горняков көшесінде орналасқан бірқатар көпқабатты үйлерде ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Сондықтан тұрғындар бұл жағдайға түсіністікпен қарайды деген ниеттеміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ