Ресейлік режиссер келді, кетті… Не берді?
Театр маусымы аяқталып, шымылдығын да түсірді. Биылғы жылдың репертуарында небір қойылымдар болды. Ал, соңғы қойылым қатардан емес. Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпаны". Атақты спектакль талай сахнада дәуірлеген, тарихы мол шығарма. Би, музыка, оркестр, дирижер… Осының бәрі де болды. Бірақ қазақтың інжу-маржанына айналған шығарманы қоюға оркестр дирижері де, музыкалық қоюшы режиссер де Ресейден алынды. Арнайы. Бұл облыстық мәдениет басқармасының жаңашылдығы болатын. Былайша айтқанда, біріккен жоба. Мұндай бастама бірінші емес. Орыс тілді оперетта көктем айларында филармония залында да қойылды. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" деген, алдын ала жарнаманы қатырып тұрып жасадық. Бәрі тамаша, тек… Одан кейін ол шығарманы ешкім қайталап көрген емес. Жә, бастаған тақырыбымызға оралайық.
Премьера көңілден шықты ма?
Премьера маусым аяқталар сәтте, екі күн қатарынан қойылды. Көрермен жақсы қабылдады. Бірақ оның келешегі қандай? Алыстан келген қонақтар келді, кетті. Не берді? Қаншама шығын шыққан қойы-лым өзін-өзі ақтай ма? Сан сауал. Театр әртістері барын салды. Театрдың бас режиссері Ерсайын Төлеубай айтқандай: "Біздің театр музыкалық қойылымдарға арналмаған. Біріншіден, бізде арнайы әртістер жоқ, екіншіден, сахна оркестрге лайықталмаған". Бұл дайындық барысында шапқылап жүрген режиссер ағамыздың қынжылысы еді. Осы орайда облыстық мәдениет бас-қармасының басшысы Л.Сероусқа бас-аяғы үш сауал жолдадық. 1. Ресейден арнайы мамандар шақыртып, спектакль қоюдың соншалықты қажеттілігі болды ма? 2. Аталмыш жобаға қанша қаражат жұмсалды? 3. Бұл қаражат өзін-өзі ақтай ма?
Жауап та дер уақытында келді. Бірақ біз Л.Сероустың өзінен жауап алып үлгере алмадық. Басшы бүгінде демалысқа кетіпті. Жауапты басшының орынбасары Қ.Есімтаев берді.
Жобаға 6,3 млн. теңге бөлінген. "Қойылымды сахналау барысында әртістер өздерінің актерлік шеберліктерін шыңдап, жаңа қырынан танылды, вокалдық өнерге ден қойды. Қостанай өлкесінде музыкалық драма театры болмағандықтан, алғаш рет қойылымның сахналануы жергілікті көрермен үшін де тың жаңалық болды. Әзірге тек премьерасы ғана өткендіктен, спектакльдің өзін-өзі ақтау мәселесі туралы айтуға әлі ерте, оны болашақ көрсетеді" депті.
Бұл қостанайлық көрермен үшін жаңашылдық болғаны рас. Бірақ, шын мәнісінде актерлер жаңа қырынан танылды ма? 6,3 миллион теңге дегеніміз аз ақша емес. Осынша қаражат өзін-өзі ақтайтынына өзге емес, басқарманың өзі күмәнді болып отырғанда басқа не демесін. Дәл қазіргі уақытта қазақ театрының "атағы" жақсы жағынан шығып жатқан жоқ. "Театр да ақша жейді екен?" деген жағымсыз ақпарат елімізге тарап та кеткен. Осындай қаражат мәселесіне тіреліп отырғанда ғұмыры қысқа тағы бір жоба. Қонақтарға келсек, қаңқу сөз көп. Сезгеніміз, ешкім де риза емес-ау шамасы. "Қонақ бір күн қонса – құт, екі күн қонса – жұт" дейтін бе еді қазақ. Жо-жоқ, пейілі кең қазақ емеспіз бе?.. Алыстан келген сыйлы қонаққа барынша шашылған қазақ театрының арманы жоқ шығар, сірә. Сонда жүргендер оларды "театрдың төбесінде тайраңдаған" деп баға беріп, айтар назы да бар екен.
Театр киелі орын деуші еді…
Өкпесі қара қазандай болған кісінің бірі – театрдың бас ұйымдастырушысының көмекшісі Бану Шәріпбаева.
– Қазақ театрына былтыр ғана кірген едім. Менің міндетім – билет тарату. Бірақ театр билетін тарату оңай емес. Әр ұйымның есігін қағып, билет сатып жүргенім. Үнемі залды толтыруға барымызды саламыз. Бұл менің тікелей міндетім болған соң халықты театрға тартып, шақырғаныма қуанбасам ренжіген емеспін. Еңбегім бағалана бермейтіні болмаса. Бірақ соңғы қойылым "Айман-Шолпан" менің шыдамымды тауысты. Бәрі демалысқа кеткен уақытта билет тарату қиынның-қиыны. Бірақ, көрермен көп жиналып, зал толды. Менің қынжылатыным – еңбегім еш кеткендей. Режиссер Александровский алғаш театрға келгенде күтіп алған едім, удай мас болып келді. Түсінесіз бе, алғаш келгеннен-ақ осындай болса, арты қандай болмақ деген ойда қалдым. Осындай адамға біз көрермен іздейміз. Ондай адамдар қандай қазақы қойылым қоймақ? Тағы бір келеңсіз жағдай, қойылым өткен соң ресейлік қонақтарымыз түнгі бірге дейін отырыс жасап, ішіп, мас болып үйлеріне кетті. Бұл масқара ғой. Театр жын-ойнақтың орны емес, менің білуімше.
Қойылымда басты рөлдердің бірін сомдаған театрдың белді әртісі Қонысбек Бегайдаров та жобаға қатысты қынжылысын жасыра алмады.
– Жалпы, бұл бастама жақсы. Біліктілікті Ресей мектебімен ұштастыру керек. Театр үшін жаңашылдық. Бірақ бәрі де алдын ала ойластырылып, ақылмен шешілсе, актер де, театр да өсер еді. Өкініштісі, біз оны көре алмадық. Ресейдің режиссері әлемдік классиканы қойып жатса, құба-құп дерсің. Ал енді басқа ұлттың режиссурасы дәл "Айман-Шолпанды" қоюы қисынсыз дүние. Қазақтың ұлттық менталитеті, өзіне тән мінезі деген бар. Оны өзге ұлт түсіне ме, түсінген кезде де алып шыға ала ма? Бұл жобаны қолға алмас бұрын ойланатын маңызды сұрақ еді. Ресей мен Қостанай арасындағы біріккен жоба деді, не керек, алдын ала келісім болған соң қолға алдық.
Спектакльге тікелей Ерсайынның (театр-дың бас режиссері) өзі араласты. Өзіміздің актерлар бар, бәріміз жабылып жақсы бір нұсқасын келтірдік. Сол келген ресейліктердің әкетіп бара жатқан еңбегі болды деп айта алмаймын. Новосібірден үш музыкант келді. Сонда бізде дәл соларға сай келетін музыкант жоқ па деп ойға кетесің. Ал енді өміршеңдігіне келер болсақ, музыка жазылып қойылады деп жатыр, бірақ оның әсері тым басқа болары түсінікті. Музыкалық шығарма қойып шығу оңай емес, оркестрдің талаптары жоғары. Оған арнайы орын керек, гастрольге шығарда қаншама адам, дыбыс жазатын студия… толып жатыр. Бұл қиын дүние. Әлі ойласатын тұстары көп.
Суретшіні де Астанадан шақырттық. Бірақ менің көңілім толмады. Ешбір әртістің костюмі толыққанды емес. Бар болғаны Айман-Шолпанға, Көтібарға, Арыстанға – бас аяғы 4-5 кейіпкерге киім арнайы тігілді. Қалғаны бұрынғы киімдерден құралған бірдеңелер. Бұл музыкалық драма болғандықтан, ол жеңіл, сұлу, нәзік болуы тиісті еді. Айман мен Шолпанның киімдерін қараңызшы, ауыр, еңсені басып тұрады. Көрермен көзіне жеңіл емес. Осынша қаражат бөлінген соң басынан аяғына дейін ойластырылып, мықты дүние шығаруға болатын еді. "Әттең" демеске амал жоқ. Бұл мәселе басында-ақ айтылды, мынау біздің "Ақ желең" бар, Назымбек (Молдахметов, дирижер) қатырып тұрып театрмен бірлесіп, шынымен жақсы дүние шығарар еді. Көңіл толмаған кездеріміз аз болмады. Қарап отырсақ қаншама қаражат кетті. Шындығын айтқанда, осы қаражаттың жарты құнына тамаша қойылымды сахнаға шығара алар едік.
Не десек те, қойылым шықты. Көрерменге барымызды сала отырып, жақсы спектакль ұсындық. Бұл біздің театрдың қыз-жігіттерінің зор еңбегі екенін айта кету керек. Айтпай кетпеске болмайтын, шымбайға батқан тағы бір тұсы, дайындық барысында орын алған осал тұстары да жеткілікті. Әйел адам ер адамды теуіп қалатын, ысқыратын ерсі, қазаққа тән емес, тіптен жат дүниелерге жол бермедік. Біз ұлттық болмысымызға тән емес дүниелерге қарсылық таныттық. Намысымызды қолдан бермедік.
Осы қойылымның басы-қасында жүр-ген Қазақстанның халық әртісі, қазақ драма театрының бас режиссері Ерсайын Төлеубай "Айман-Шолпанның" тарихын қозғай келе, қазіргі театр "тарихын" да жасырмады.
– "Айман-Шолпан" оқиғасы былтыр бас-талды. Оны бастаған, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Л.Сероус. "Былтыр керемет опера қойдық" деп мақтанды. Көрмесем де, "қайдағы бізге опера?" дедім де қойдым. Ойда ештеңе жоқ. Басқарма театрға "музыкальный бірдеңе" керек деп қоймаған соң ойласа келе "Айман-Шолпанды" қойыңдар дедім. Басында сырттан режиссер шақырамыз деп жүрді. Содан осы былық басталды. Музыкалық шығарма қою үшін қаншама күш керек. Қаншама қаражат керек. Басшылық "бәрін табамыз, сізге де төлейміз, мықты дирижер де дайын" деген әңгіме айтты. Шынын айтқанда, бұның бәрі – сандалбайдың әңгімесі. Шопырымызды әлгі мықты дирижер Эхтибарды (Ахмедов, бас дирижер) алғызу үшін ит өлген жерге жіберіп, алақанға салып әкеліп жүрді. Қаншама қаражат десей! Таныстық. Өтірік айтуға болмас, жақсы дирижер екен. Бірақ қаншама музыкант керек. Ол біздегі филармонияда да жоқ. Мұндай күмәнді іс қолдан келмейтінін біліп, бас тарттым. Басшылық "Қостанайға келіп, жеті жыл қаңғып жүрген сізге баспана береміз" деп жалынып, жалпайды. Сонымен не керек, құдай берген екен деп мен де келістім. Бірақ бәрі бекер болды.
Нағыз пәле наурызда басталды. Ию-қию, театр күндіз сотта, түсте дайындықта. Театрда тергелмеген адам қалмады. Осылайша, қабаттаса жүріп, спектакльді шығардық. Енді Эхтибардың қасына Ресейден режиссер Александровскийді қосты. Не бітірді? Дым да бітірместен, қалтаға ақшаны басты да кетті. Қазақтың тілін, дәстүрін білмейтін адам салт-дәстүрге құрылған "Айман-Шолпанды" түсінуші ме еді. Осыны неге өзіміздің дирижер Назымбек Молдахметовке бермеді? Қандай дүние шығарар еді.
Мұның бәрі де қып-қызыл сандалған жанның ісі. Қазақтың күйі осы ғой. Мен халық әртісімін. Осы біздерді Ресей неге шақыртып, ақша беріп, қойылым қойғызбайды? Жо-жоқ, ондайға біздер ғана барамыз. Театрдың талқаны шықты. Бір жағы түрме, бір жағы мынау былығып жат-қанымыз. Сонымен не керек, ақыр соңында Ілекеңнің, Мұхтар Әуезовтың аруағы үшін деп пьесаны қолға алып, қысқартып, адам көретіндей жағдайға келтіріп сахнаға шығардық.
Келген қонақтарымыз түске дейін жұмыс, түстен кейін сауық-сайран. Ең құрымағанда кейіпкерлерге жөні түзу костюм де тігілмеді. Қазақ "ит жоқта шошқа үреді" дейді. Енді бәрі кетті, келешегі қандай болатыны белгісіз. Театр, өнер, әдебиеттің құны төмендеп кетті. Ар-ұяттан безгендердің қолына билік беру дегеніміз бұл бір ғана жанның емес, елдің тағдырын тәлкек ету емес пе?!
Жергілікті басылымдардың біріне берген сұхбатындағы ресейлік режиссердің сөзін сол күйінде оқып көріңізші:
"Однако существуют определенные трудности. Спектакль на казахском языке, поэтому я не всегда понимаю, о чем говорится на сцене. Не все, что можно легко сыграть в русском театре, удается поставить с казахскими артистами, потому что здесь совершенно другие традиции, – сетует режиссер Александровский. – Например, девушка по сценарию должна была толкнуть ногой мужчину, но она категорически отказалась это делать, ссылаясь на то, что у казахов так не положено. Возникли некоторые проблемы, пришлось немного переделывать этот момент. Я считаю, что если человек выбрал такую профессию, необходимо до конца вживаться в роль, позабыв обо всех ограничениях, ведь подобных сцен за всю творческую жизнь будет много".
Расымен де болды, кетті. Театрдың директоры орнынан кетіп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы демалыста жүргенде артынан топырақ шашқанымыз артық болар, бәлкім. Бірақ ұлттық құндылығымызды бағалай білмейтін жандардың тізгінді алып, еңсені езетіні бір біздің жанымызға ғана батпайтыны анық.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Қойылымда бола алмағаныма өкініп, келесі маусымда да дәл алғашқысындай бола ма екен деп ойлап жүр едім. Шынымен де, қайта-қайта ресейлік мықтыларды шақыра беру де ақылға сыймас еді… Одан да өңірден, не Қазақстаннан режиссер табуға (шығаруға) болмас па екен?! І.Есенберлиннің шаңырағында арақ ішкізбей (егер рас болса: бірақ ресейліктерден шығады) алдап сулап сыртқа итеретін адам табылмағаны да жаман екен. Театр әртістерінің қазаққа жат дүниелерді орындаудан бас тарқанына ризамын. Дегенмен, осының бәрін басында байқаған болсаңыздар неге дер кезінде қиып түспегенсіздер? Ал, жалпы ұлттық құндылықтарды дәріптеуде шетелден кісі әкелу таза ақымақтық!
Жанболат бауырым, Ілияс Есенберлин мен Ілияс Омаров сияқты тарландарымызды шатастырып отырып, пікір айтқаныңыз орынсыз сияқты. Орамды ой, пайымды пікір айту үшін, білім керек
Иә, қателесіп кетіппін!
Неткен киын жагдай .Астана Алматыда Айман Шолпанды койды го сол кисилерди алдыртса болмады ма екен ?!
Қара бұлтты төндіріп тұрып жазған екен, сол кезде тілін тістеп қалғандар енді ғана жақ ашып отыр ма, әлде бұл тақырыпты суытып алған журналист пе. Журналист сұмдық, масқара деп бетті шымшып отырып жазғанға ұқсайды, екі жақты саралау жоқ мүлдем…
Дер кезінде жазылған, өте орынды сын. Үндемей тілді тістеп отырғаннан гөрі мəдениет саласындағы олқылық жөнінде өзекті тақырыпты ашық жазған журналистің ізденгені көрініп тұр. Спектакльдің қойылғанына көп уақыт өткен жоқ.
"Қожанасырлығы" асқан Сероус ханым мәдениет саласы қызметкерлерін мезі етуін әлі қоймаған екен. Ұлт руханияты жайлы миына кіріп шықпайтын, бетімен кеткен басқарма басшысы дағдарыс кезінде қаражатты үнемдеп жұмсауда да қырағылық танытпапты. Рухани салаға жоғары мәдениетті, ұлт мәдениеті мен өнерінің тарихын білетін, шығармашыл жандармен сауатты түрде жұмыс істей алатын басшы болғаны дұрыс. Ел тізгінін ұстаған жоғарыдағы азаматтар бұл мәселеге көңіл бөлсе екен дейміз.
әй көңіл бөлмейді ау. мәдениетке ақша бөлмей отырғанда, мәселеге көңіл бөлмейді.
мәдениетке ақша бөлмей жатқанда мәселеге көңіл бөлмейді ау