Ж.Аязбеков: Журналист тілмен де, ділмен де айтады

Теріскейдегі «Қостанай таңы» газеті 97 жылдан бері шығып келе жатқан Тобыл-Торғай өңіріндегі бірден-бір қазақ басылымы. Іргетасын журналистиканың атасы Мұхамеджан Сералин қалап, Бейімбет Майлин көтерген. Қазір орысы басым Қостанай облысында 10 мың тиражбен тарайтын абыз басылымның тізгіні журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген таланбоз ағамыз, Қазақстан Жазушылар Одағы және Журналистер Одағының мүшесі, қазақ журналистикасының қайраткері ЖАНҰЗАҚ АЯЗБЕКОВТІҢ қолында.  Төл мерекеге орай бізге әріптес ағамызмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
IMG_9965– «1974 жылдың жауынды күзінде Алматыдан Қостанай өлкесіне бір топ журналист қауым келдік. Сол сапардан Қостанай-Тобыл өлкесіне талай жігіт пен қыз ғашық болып оралды. «Оралды» дегенді тура мағынасында айтып отырмын. Солардың бірі – Жанұзақ Аязбеков оқуды тәмамдасымен еш жаққа мойын бұрмай, Қостанайға тартты. Осы өңірде еңбегі еленіп, жұлдызы жанды. Жәкең қазір облтелерадио басшыларының бірі». Бұл Жетпісбай Бекболатұлының жазбасынан алынды. Дәл солай ма, аға?
Дұрыс. Сәл-пәл өзгерту: мен бірінші рет  Қостанайға бір жыл ерте 1973 жылы келгенмін. КазГУдің журналистика факультетінің 2 курс студенттері ауылшаруашылық жұмыстарына 2 ай жегіліп, қазіргі Ұзынкөл ауданындағы «Үйкескен» деген ауылда болған едік. Рас, табиғаты да , адамдары да ұнаған. Бірақ негізгі себеп – жастық романтика. Отбасындағы 8 баланың ортаншысы болған соң , әке-шешем де ел көрсін, жер көрсін деп университет бітірген бойы Қостанайға жолдама алғаныма қарсылық білдірмеді. Сөйтсек бұл тағдырдың жазуы екен. Міне содан бергісін есептей бер.
Аға, жаттанды сауал десеңіз де, сұрайын, бүгінгі журналистиканың кешегіден басты айырмашылығы неде? Жүрегіңіздің бір бұрышында сол бір кеңестік жылдардағы журналистикаға деген сағыныш елес бермей ме?
Соңғысынан бастайын. Сағыну – табиғи қасиет. Қайта айналып келмейтін құбылыстарды сағынғанда адамның жан күйі толқиды, іштей  өткен өмірдің әлдебір қырын түсініп,бүгінгімен салыстыра тұшынасың. Бұл жасы келген сайын кез-келген адамның бастан кешетін күйі. Сондықтан Төлеген ақынның сөзімен айтқанда: « Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап». Журналистика – мен үшін муза. Біздің кезімізде журналистикаға ес кіргеннен құлай беріліп, қаршадайынан ізденіп, ақын-жазушы, журналист болам дейтіндер  сан сынақтан өтіп түсетін. Біздің курс сондай таңдаулылардың бірі болды. Міне, реті келіп тұр, айталық ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы  басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай, ақын, «Мұқағали» журналының Бас редакторы Батық Мәжитұлы, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, белгілі телетарлан Нұртілеу Иманғалиұлы, жазушылар Жеңіс Бақадыр, Серік Жәнәбіл, Бақыт Мерекенова, фантаст-жазушы Жүніс Сахиев, Дидахмет Әшімхан (марқұм), Сейітқұл  Оспанов (марқұм), ақындар Сайлаубай Тойлыбай, Қанеш Қанафин, Мылтықбай Ерімбет, ғалым, филология ғылымының докторы Сейдолла Садықов, ғалым-журналист, филология ғылымының докторы Серікқали Бәйменше, қонаевтанушы Ораз Қауғабаев, публицистер  Әбдімүтәл Әлібеков, Орынбек Жолдыбаев, Тілекқабыл Боранғалиев, Бекен Шоланов, Марат Әбдіқалықов, Гүлсім Мұқышева, Райхан Ахметова, сарапшы -журналист Әшірбек Аманкелдиев, осылай кете береді.Бәрі де журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен. Біздер әрі батыр, әрі мықты филолог Мәлік Ғабдуллин,, ғалым-ұстаздар Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Қабижан Бекқожин, Абдул-Хамит Мархабаевтардан дәріс тыңдаған ұрпақпыз.
      Ал енді бірінші сауалға келсек , кешегі журналистикада жанкешті іздемпаздық, тереңдік басым еді. Жаяулап – жалпылап іссапарға шығатынбыз. Кеңес заманында облыста 220 ұжымшар-кеңшар  болатын. Соның түгел дерлік бәріне бардым. Көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін. Беріде, осыдан төрт жыл бұрын облыстың барлық қалалар мен аудандарын бір жылда түгел аралап шықтық. Халықпен жүзбе-жүз кездесудің әсері зор екенін көзбен  көрдік, жүрекпен сездік. Ал  қазір ісапарды ғаламтор алмастырды. Сан қиырды монитордан көріп –ақ керекті ақпаратты қаузап тастайтын болды. Бүгінгі журналистиканың бір ерекшелігі –  журналист  жан қинамайды. Себебі, ақпарат тасқыны орасан. Қолайыңа жаққан аласың да,пайдалан бересің.  Сөз жоқ тиімді. Бірақ дайын асқа тік қасық көбейді. Тіпті ең әйеңкес тілші де оп-оңай мақала құрастыруға төселіп алды. Мұндайдың соңы жылдар бойы шор байланып, рухани құныс тартқан әріптестер қалыптастырмасына кім кепіл?!IMG_9883
-Әдетте қаламгердің қолынан шыққан кез келген туынды публицистика бола бермейді. Сол сияқты әр журналист публицист бола алмайды. Бірақ, сізге бұл екі қасиет қатар берілді. Қайсысының жүгі ауыр?
Сенің публицистика, публицист деп отырғаның  қазақ журналистикасында әлі бір ізге түспеген, қазақша баламасы орнықпаған ұғымдар. Әйтсе де көсемсөз, шешенсөз турасына Ахмет Байтұрсынов анықтағандай, өзара бітісіп кеткендіктен, мен үшін  екеуінің де жүгі бірдей ауыр. Бүгінде жұртты таңғалдырып, тамсандырып жаздым ғой десең де, міз бақпайтын құлық пайда болды.Тіпті қасыңдағы жанашыр деп жүрген тұрғыластар шын жүрегімен пікір айтуға селқос. Осы селқостық қоғамды жайлап бара ма деп үрейленемін.
– Интернет пен ақпарат берудің жаңа тәсілі күн санап дамып жатыр. Осынау ғаламторшыл ұрпақ қайда, қалай бағыт алды? Бұл медиадүмпудің қарқынды даму барысы туралы ней дейсіз?
Ақпараттық айла-тәсілдердің дамығаны сондай, адам  ақпараттың құлақкесті құлына айналды. Қашып құтылу былай тұрсын, ендігі жерде керек емес ақпарттан қорғанатын халге ұшырадық. Кез-келген сайтты ашуыңыз мұң екен, «сізге тың ақпарат берейін бе?» деп ескертпе сумаң етіп, алдыңыздан шығып,  кесе –көлденең тұра қалады. Назар аудармауға шамаңызды келтірмей, алды-артыңызды орағытып, маниттей тартады.  Шыны сол,қазір жаһандағы адам пендеңіз оқудан бас алмайтын болды. Иә, ғаламтордан, әлеуметтік желіден үнсіз ғана оқып, үнсіз сұқбаттасып, монитордан қабақтасып, сабақтасады. Қазір смартфонның айдарынан жел есіп тұр. Бәрі ішінде. Саусағыңыз талмаса болғаны. Бүгінгі тіршілікте маңдайдан тер бұршақтап,  шаң-тозаң жұтып, күнге қақталып, аязға ұрынып, бел қайыстыра істейтін  қара жұмыс аз ғана топтың еншісінде қалған сыңайлы.  Адам анағұрлым өмір сүрудің қолайлы амал-тәсілдерін жасап, игеруде. Алайда тән мен жан  ауыртпалық көрмеген соң, адамның өз болмысы өзіне қарсылық танытуда. Ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы тепе-теңдік бұзылды. Ғаламторда отырған өскелең жастар таңғажайып,  сиқырлы дүниеге елітіп, ақиқат өмір мен жасанды дүниенің ара-жігін ажырата алмайтын халге ұшырады. Рас, қазіргі жастар алымды, қарымды, сұңғыла да ұшқыр. Тек олардың адамгершілік , иабатты парасат-пайымы кеудеде емес, аяқтың ұшына құлдырады.
     Ал келешекте медиадүмпудің соңы жаппай сипат алып, журналистика адамдардың  күнделікті қалыпты әдетіне айналуы бек мүмкін.IMG_9845
-Ғаламаторды ақтарып отырып мынадайды оқыдым. ХVІІІ ғасырдан бері оқырманы іздеп жүріп оқитын газет атаулының басына бұлт үйіріліп келеді екен. Интернет жуық арада газет атаулыға тиісті үлесті түп-түгел «жеп» қоймақ. Мерзімді баспасөз құралдарының 4-5 жылдық қана өмірі қалыпты. Бұл сәуегейлікпен келісесіз бе?
Келісетін не бар? Бұл өзің айтқандай көнерген сауал. Жауабы да белгілі. Мен қайталайын. Баспасөз кеше де, бүгін де, ертең  де болады, жасай береді. Оны әлемдегі озық елдердің бір күннің өзінде («Guardian»,  «Асахи симбун»,   «Иомиури симбун», «Sydney Morning Herald»,  «Нью-Йорк таймс» т.с.с)  миллиондап шығып жатқан газеттеріне қарсаңыз болғаны. Біздің ел рухани қызметтің бұл түрінде әлі өркендеу сатысындамыз. Түптердің түбінде құлдырап барып, қайта өрлеп, біз де газет оқудың осындай деңгейіне жетеріміз анық. «Газеттің ісі бір күндік, сөзі мың күндік». Марк Твен «Дүниенің бұрыш-бұрышына жарық беретін екі-ақ күш бар. Оның бірі аспандағы – күн, екіншісі жердегі – газет» деген екен. Ал пенде қанағатсыз, күндердің күні әлеуметтік желіден де жалығып, жүрегі айнып, қағазға басылған кітап, газетпен қайта бас қоятынына шүбәңіз болмасын.
-Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын қазақтілді журналистердің басты көзірі, нантабары деуге болатындай. Өйткені, мұнда қазаққа қатысты қазықты дүниелер жазылды. Өткенді бүгінмен бағалаудың сипаты айқындалады. Сіз не дейсіз?
Қазіргі жаңа ғасыр – қазақ тану ғасыры. Біз әлі өзімізді-өзіміз тереңнен танып-біліп болған жоқпыз. Бүгінгі таныдық дегеннің бәрі кешегі кеңестік замандағы бетінен сипай жазылып, зерттеліп, саясиланған тарих, таным. Енді осы ғасырлар қойнауынан қазақтың қадір-қасиетін, ұлттың саф болмысын сұрыптап, сараптап жаңа буынға ұсыну. Бұл бір. Екінші, – жаңа ұрпақты заманауи парасатты – зерделі, иманды-ибалы   қазаққа айналдыру. Міне баспасөздің бұған қосар үлесі, көрсетер қызметі де орасан. Елдегі ақпарат  құралдарының өзегінде ұлттық  мүдде жату тиіс. Елбасының бұл мақаласын тағы да науқангершілікке салынбай, жоспарлап, салдарлы да салиқалы түрде ұзақ мерзімге жүргізетін сауапты іс. 
-Жанұзақ Аязбекұлы, газет шығарудың қара жұмысынан хабардар әрбір әріптесіңіз жанкешті еңбегіңізді ерекше бағалайды. Күнделікті болып жатқан саяси оқиғалар бас редактор бағанына, естіден қалған ұлағатты ойлар, тұщымды пікірлер бүгінде «Ел сөзінде». Жалпы, бұл айдардың басты мақсаты неде? Кітап болып басыла ма? Оқырман сұрағы осы.
Оның жауабы да қарапайым. Бүгінде көкірек көзі ояу замандастарымыз шымырлап қайнап жатқан тіршілік хақында сан алуан ой-пікір, көзқарас-сауал, пайым-байыптарын ашық айтып, кез-келген оңтайлы сәтте жариялап жатқаны аян.Бірақ олар рухани кеңістіктің шартарабында, бұлым-бұлымында. Оның бәрін теріп, сүзіп, тұшынуға уақыт керек, ыждаһат керек. Мен газет оқырманы үшін осы қызметті жеңілдетуге аз да болса сеп болсын деген мақсатпен «Бас редактор әлемін» де , «Ел сөзін» де   оқушыға ұсынған едім. Ұзақ жылдар бойы жинап-теріп, қойын дәптерге ,күнделік дәптерлерге түсірген азын-аулақ жазу-сызуларым қалың газет оқырмандары тарапынан қолдау тапты. Хаттар жазды, телефон шалып әлі күнге дейін жалғастыра беруді өтінгендер тиылған жоқ. Ел айтқан сөздерді тізбелеп, елдің өзіне қайтара ұсынғанның пайдасы барын түсіндім. Алла жазса, биыл күзге қарай оқырмандардың талап етуіне (тілек емес) орай жеке кітап етіп шығармақ ниеттемін.IMG_9758
-Сіз кезінде облыстық теледидарда жүргізген  «Замана» бағдарламасында үнемі  қоғамдағы қордалы мәселелерді қозғапсыз. Соның бірі – тіл. Осы арада мына бір жайтты айпасқа болмайды. Іс қағаздары екі тілде жүргізіледі. Қазақ тіліндегі құжаттардың қатары көбейді деген мәліметтің ар жағында аудармашылардың құлағы қылтиып тұрады. Белгілі бір дәрежеде мемлекеттік мекемелердегі аудармашылар қазақ тілінің дамуына кедергі келтіріп жатыр деуге келе ме?
Мұның екі жағы бар. Бірқатар мекемелер  мен ұйымдардағы, кәсіпорындардағы шаласауатты аудармашылар  өздеріндегі онсыз да мүшкіл халдегі тілдік жағдайды шұбарлап, шатып-бұтып аударып, қазақ тілін жүнін жұлған тауықтан бетер қылады. Тіпті өрескел қателерді көргенде көз ұялады. Мұндайда намысың келіп,  бұлай аударғанша аудармай-ақ қойсын дейсің.. Екінші жағы, аудармашылар қазақша аударып әрекет етіп жатса, орыс тілді тұнып тұрған мекемелерде  әйтеуір мемлекеттік тілді ұмытпау керектігін,  онымен санаспаса болмайтындығын меңзейтін секілді. Қазақ тілі – әр қазақтың жалғызы.  Қазақ тілі  – әр қазақтың басты құндылығы. Осы жолда жан берісіп, жан  алысып жатқан кісі болса ардақта, аяла,төбеңе көтер. Осы жолда намысты қолдан беріп, көптің бірі, көздің кірі болғандардан аулақ. Қазақ тілі  еліміздің жаппай мұқтаждылығына айналғанша тіл туралы айтқанымыз айтқан.
 -Елдегі соңғы реформалардың ілкімдісі – жаңа әліпбидің қабылдануы. Дегенмен, латыннегізді әліпбиге көшу бекітілмей жатып, жекелеген БАҚ бастап кетті. Бұл асығыстық емес пе? Осы тұрғыда «Қостанай таңы» қандай қадам жасауда?
Мойындау керек, елде асығыстық, науқангершілік дендеп тұр. Қала мен далада жаппай атаулар мен маңдайшалар, жарнама-хабарландырулар, билбордтар көбея бастады. Қате көп. Оның себебі, жаңа қабылданған емле ережесін әлі оқып түсініп, игермей жатып  аттандатып отырмыз. Шаласауаттылыққа осылай өзіміз жол аштық. Тіпті қазақша бір сөз де білмейтін орыстілді кісілер алғашқы кезде латын әліпбиінің қазақ тіліне тигізер пайдасын айтқанда таңдандым. Апырау, қазақша сөйлеп, оқып-жазатын біздер үшін әлі тың дүниені орыстілділер қайдан біледі? Науқангершілік деген осы! Асықпай, саспай, ыждаһаттылықпен бастаудың орнына алабажақ дүниені көлденең тартып жатырмыз. Оның үстіне ағылшынша үйрену деп тағы талап бар. Қостанай  мен облыс қалаларындағы орыстілді қазақтар балаларын орыс мектептері  мен  балабақшасына бергендер бой көрсете бастады.. Ондағысы – онсыз да төрге шыға алмай, табалдырықта тұрған қазақ тілін үйренгеше, орысша оқып, ағылшынша үйренген баламыз далада қалмайды, келешегі жарқын дейді. Міне асығыстықтың салдары.
   Ал енді біз газетке келетін болсақ, алдымен  газетіміздің сайтында  латынша қазақ әліпбиін іліп қойып,  қазақшадан тікелей латыншаға аударып беретін бағдарлама енгіздік. Редакция үйінің маңдайшасын латын қаріпімен жазып қойдық. Апта сайын «Тobyl torgai tynysy» деген айдармен жаңалықтар бағанын,  латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа емлесін түсіндіру мақсатында " Kel, emle úıreneıik!" айдарын беріп келеміз. Келешекте  әліпби және емле мәселесін мамандар арасында талқылап, сарапқа салатын, тәжірибе жинақтайтын дөңгелек столдар  ұйымдастыру жоспарымызда бар.
Сіз көркем әдебиет сыншысыз. Әдеби басылымдарда салиқалы көркем сындарыңыз  басылды. Айталық «Бальзак неге жылады?» әдеби сынды жазуыңызға не түрткі болды?  Неге аз жазасыз?
  – Ес білгелі көркем әдебиетке құлай берілгендердің сойынанмын. Сонау кеңес заманынан бері мені әлі күнге дейін әдебиет дейтін киелі табалдырықты аттап алып, киесіз дүниемен айналысатын жазармандарға өкпелімін. Әдебиет ардың ісі екенін біле тұра арзан шығармаларды үсті –үстіне шығарып, қолдан мақтатып, биліктің күшімен жарнамалап, елдің көз алдына көлбеңдеуді әдет қып алағандар жол бермейтін болды.  Осындайда төрткіл әлемді  әйгілі болған туындылар мен туындыгерлердің тағыр-талайына барлай қарсаң, шындыққа көз жеткізетін жағдаяттар аз емес.  Айталық, «Горио әкей» романынының соңғы нүктесін қоя салып, басты кейіпкері  Гория әкейді романда өлтіргеніне бола  Бальзак ағылда-тегіл жылап, отырған столынан құлап қалыпты.  Бәлкім, тіпті бұл бальзактанушылардың әсірелеген аңызы бола-ақ қойсын, ең бастысы –жан терлемей, жүрек толғанбай шынайы туынды шықпайды дегенді айту. Мен ұзақ, жылдар бойы Бальзактың романдарын, ол туралы жазғандарды оқыдым. Рас аз жазатыным – көп уақытым оқуға кетеді. Қазір автор кітабының бетін ашпай-ақ, ешкімнен қымсынбастан сала құлаш пікір жазып тастайтындар жиілей бастады.
       Есіме түсіп отыр, оныншы сыныпта оқып жүргенде «Жұлдыз» жорналына (1972) «Жастық жалыны ма?» деген рецензиям жарық көрген. Содан бастап көркем әдеби сынға деген ықыласым ауды. Университет қабырғасында студент бола жүріп, Мәскеуден шығатын «Вопросы литературы» деген журналды жаздырып алып оқыдым. Кейін бес курсты бітіріп, диплом қолға тигенде таудай болып үйілген сол журналдарды қазір белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмешовтың (ол кезде төменгі курс студенті болатын) ағасының балконына қалдырып кеткен едім. Алматыдан аттанып,сонау Қостанайдан бір-ақ шыққасын ол журнал естен шыққан. Арада қырық жыл өткенде жазушы інім есіме салғаны бар. Айтайын дегенім, сонау жастық кезден-ақ әдеби сынға ықыласым ауған бейбақпын. Біле білгенге щығармашылыққа шынайы баға беру  автордың төккен терінен  кем түспейді.
-Елгі белгілі әдебиет сыншысы: «Постмодернистік ағымға қазақ қаламгерлері әлі де сенбей келеді. Мен де сенбеймін», – деп төтесінен келіпті. Сыншылар айтып жүргендей, ол расымен ұлттың рухани құндылықтарын жоққа шығаратын құрал ма?
–  Бұл жерде постмодернизмге сену немесе сенбеу маңызды емес. Посмодернизм – ауқымды бағыт, ағым. Бұл әдебиет   тарихындағы классицизм, романтизм, сениментализм, символизм, авангардизм, релизм тағы сондай «измдер» секілді заман тудырған құбылыс. Бірақ мұның тұрпаты бұрынғыдан ерекше. Бұл адамзат қоғамының жоғары даму сатысында дүниеге келді. Мұнда табиғат заңдарына қарсы тұру, құдайды мойындамау, дәстүр атаулыны жоққа шығару т.с.с  көзқарасты сипаты басым. Сондықтан да тамыры тереңге кеткен дәстүрлі әдебиеті бар елдер мұны қабылдай қоймауы заңды. Өйткені әр қоғамның даму деңгейі әртүрлі. Дамыған, озықпыз деген елдердегі киберәдебиет  яғни ғаламтор кеңістігінде пайда болған технологиялық,  желілік әдебиеттің болмысы мүлдем бөлек. Қазір айтып жүрген постмодернизмнің салқыны солардан келді. Бұл әл-әзір қазақ топырағында өсіп-өніп көктей қойған жоқ. Бірақ бізде болмайды дегендік емес. Заманында Абай  поэзиялық модернизмнің қазақы үлгісін жасады. Кемелдеген социализмде Төлен Әбдік «Оң қолын» жазды. Тәуелсіздік кезеңінде Мұхтар Мағауин «Жармақты» ұсынды. Дәстүрлі әдебиеттің уызы аузынан кетпген біздің оқушыға бұлар бәріне бірдей оң жамбасына келеді дей алмаймын.  Радикалды постмодернизмнің үркітіп отырғаны – дәстүрлі әдебиетті күресінге тастап, көркем ойды жоққа шығарды. Сырт көзге жаңғыру –жаңару секілді көрінгенімен, шын мәнінде адам ойына келгенін істеп,  табиғи құмарлығы мен құштарлығына шексіз еркіндік  беру деген  тобырлық санаға мәтіби.  Мұндай сипатын алғанда рухани құндылықты жоққа шығарушы деуге қисыны бар.
 
-Әңгімеңізге рақмет
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓