Елді жерде ұрыдан сақтан

ОІІД баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы кезде ұрлық-қарлық жиі тіркелуде. Оның үстіне ұрылардың "араны ашыла" түскен. Қолына не іліксе, соны әкетуде.
ұры
Мысалы, Нагорное селосының тұрғыны полицияға ерекше бір ұрлық туралы хабарлады. Оның үйіне түскен ұры ескі ұялы телефонға қоса самауырды да ала кетіпті. Үйдің иесіне ескі заттардың қолды болғаны емес, ұрының есікті бұзып кіріп, қиратып кеткені қатты батқан көрінеді. Жедел-іздестіру шарасының барысында 18 жастағы ұры ұсталды. Ұрланған зат қайтарылды.
Қостанай қаласында 5 декабря көшесіндегі бір үйден фотоаппарат, ноутбук, модем, ұялы телефон және осы бағалы заттарға қоса үш құты иіссу ұрланыпты. Шығын мөлшері 180 мың теңгені құраған. Күдікті пластик терезе арқылы ішке енген. Қостанай қаласы ІІБ Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының барысында 14 жастағы күдіктіні ұстады. Ол кінәсін мойындады.
Алтынсарин  ауданының Силантьевка  кентінде электресептегіштер жиі ұрлануда. Осындай бір қылмыс ізі суымай жатып ашылды. Тәртіп сақшылары бір үйден электресептегішті ұрлаған 38 жастағы күдіктіні құрықтады.
Селолық жерде үй құстарын ұрлау жағдайлары  көп кездеседі. Мысалы, Тобыл кентінде 46 жастағы әйелдің 6 қазы жоғалып кетті. Полицияның учаскелік инспекторы мен жедел уәкіл бірлесіп күдіктінің ізіне түсті. 35 жастағы жергілікті тұрғын  қараусыз жүрген қаздарды айдап әкеткенін мойындады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ұрлықтың басым бөлігі азаматтардың бейқамдығы себепті орын алады. Олай болса "елді жерде ұрыдан сақтанғанның" артықтығы жоқ.

 

 

Мнауара   ҚАБДРАХМЕТОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓