Оқыс оқиға
Рудныйлық полицейлер өрт арасында қалған адамды құтқарып алды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. Полицияның аға сержанты Ермек Борамбаев пен кіші сержант Самрат Қазенов 23 қазан күні түн жарымында Қашар көшесі бойымен кезекшілік жасап жүріп, жеке үйдің тұтап жатқанын көреді.
Оқиға болған жерге келген тәртіп сақшылары шатханалардың біріне жалғасып салынған уақытша баспананың қызыл жалынға оранып жатқанын көреді. Шатхана қызметкерлері әлгі баспанада ер адамның тұратынын айтқан. Полицейлер сөзге келместен, оттың арасына кіріп кетіп, еденде киімдері жанып жатқан адамды сыртқа алып шығады. Зардап шеккен азамат дереу Рудный қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның денесінің 60%-ын күйік шалған дейді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Шұға Қоңқабай