10 мың тұрғынға – 266 қылмыстан!
Жыл басынан бергі 5 айда қылмыс 17,7% , яғни, 11880-нен 9775-ке дейін төмендеген. Қылмыстың ауыр және аса ауыр түрлері, соның ішінде кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, кісі тонау, қарақшылық, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, қылмыстың басқа да түрлерінің азайғаны байқалады. Қылмыс төмендеді деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе, жеке тұлғаға қатысты қылмыспен күрес ерекше бақылауда. Аймақтық әкімдікте болған жиында облыстық ІІД бастығы Бекет Аймағамбетов огсындай деректер келтірді:
– Орташа ауыр қылмыстарды ашу өткен жылғымен салыстырғанда 14%, кішігірім ауыр дәрежедегі қылмыстарды ашу 23% артты. Бас пайдасын көздеу, зорлық-зомбылық, тонау және ұрлықты ашу деңгейі де жақсарды. Қарақшылықты ашу бір қалыпта. Нашақорлық, есірткі бизнесі және ұйымдасқан қылмыс бойынша тиісті шаралар қабылданды. Өңірімізде биыл 10 мың адамға шаққанда, 266 қылмыстан келеді. Бұл Астана және Алматы қалаларынан кейінгі және облыстар арасында ең жоғарғы көрсеткіш.
Аймақтың бас полицейі бұндай жаға ұстатарлық көрсеткішті төмендетуді және қылмыспен күресуді арттыруға қалалар мен елдімекендердегі патрульдік бақылуды күшейту тиімді дейді. Ол үшін қоғамдық тәртіпті сақтайтын ұлттық гвардия сарбаздарының санын арттыру керек.
Тағы бір алаңдатар жайт, өткен жылы өңірде мас күйінде көлік жүргізетіндер саны 29,2% көбейіп, республикалық деңгейден 2 есеге жоғарылаған. ІІД бастығы мас жүргізушілерді тоғытатын медициналық айықтырғыштардың жеткіліксіздігін айтып, аймақтың адам саны көп аудан-қалалары орталықтарында осындай орындар ашуды ұсынып отыр.
Қазір аймағымызда көлік айдап әкету мен ұрлау қылмысы өршіп тұр. Тек өткен жылы 441 автокөлік қолды болыпты, яғни, 22% артқан. Департамент басшысы бұған тоқтау болатын жалғыз жол – әсіресе, қалалардың күре және шыға беріс көшелеріне фото-бейне бақылау құрылғыларын орнату. Олардың көмегімен ұрлап әкетілген көліктерді ғана анықтап қоймай, түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар мен алимент берешегі барларды да әшкере қылуға болады. Оны қойып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында бейне бақылау камераларының жетіспеушілігі түрлі қылмыстардың өршуіне себеп болып отыр. Мәселен, Лисаков қаласының бір шағын ауданының тұрғындары өздері қаражат жинап, аулаға бейне бақылау құрылғысын орнаттырып алған. Қазір аталған шағын аудандағы қылмыс едәуір төмендепті. Міне, тұрғындарға осындай тәсілдерді қолдануға болатындығы ұсынылды.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қазіргі экономикалық үнемдеуге көшкен уақытта бейне бақылау камераларын сатып алу мен медициналық айықтырғыш орындарын ашу бірденг іске аса қоятын шаруа еместігін айтты. Әрине, біртіндеп жасауға болады деді. Бірақ соған қарамастан, полиция қызметіне қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыс деңгейін төмендетуге әлі де күш салуды тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ