Бағдаршамдар жөнделуде
Қала қиылыстарында ұзын саны 104 бағдаршам орнатылған. Бірақ, бұған дейін жазғанымыздай, соңғы уақыттарда кейбіреулері сыр бере бастады. Жүргізушілерді алаңдатып, тіпті оқыс жағдайларға әкелген де еді. Бүгіндері бұл мәселе назарға ілікті. Жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.
Мәселен, 15-маусым күні «КЭЦ» ЖШС қызметкерлері Таран көшесінен Павлов көшесіне дейінгі учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты, сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін Баймағанбетов көшесі бойындағы бағдаршамдар сөндірулі болды.
17-маусым күні де істен шығып тұрған үш бағдаршамды жөндеу қолға алынды. Мәуленов пен Л.Беда көшелері қиылысындағы құрылғы сол күні-ақ іске қосылды. Электр энергиясы кабелі ауыстырылды. Тағы бір нысан – Гагарин көшесі, Назарбаев интеллектуалды мектебі ауданындағы бағдаршамның басқару модуліне нұқсан келген. Мамандар ақауды қалыпқа келтіру үстінде. Жоспар бойынша, жөндеу бүгін аяқталуы мүмкін. Ал Гагарин мен Өнеркәсіптік көшелері қиылысындағы жол нұсқағыш құрылғының бағанасы қатты желдің салдарынан сынып қалған. Қайта қалыпқа келтіру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұл бағдаршамдық нысандардың қызмет көрсетуі бойынша байқауды «Гуцалов» ЖК ұтып алды.