АЖАРЫ АЙШЫҚТЫ АУЫЛ

Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында Ораза айты мерекесімен бірге Ауыл күні мерекесі атап өтілді. Шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды.IMG_0742
Өзеннің жағасына тігілген ақшаңқан киіз үйлер сонадайдан көз тартады. Шағын ауыл қасындағы желіге бие байланған, қозы-лақтар албар ішінде ойнақтап жүр. Атқа мінген ойын балаларынан көз сүрінеді. Кежімі келіскен күліктер ауыздықтарымен алысып, балаларға бой беретін емес. Ауыл жұртының бәрі осы маңда. Бір-бірін айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатқан ақкөңіл жұрт.IMG_0648
 
IMG_0583Байғабылдағы бұл той нағыз қазақы сипатта өтті. Ұлттық ас мәзірлер мен ыдыс-аяқтар, сондай-ақ, кешегі колхоздандыру кезінде пайдаланған әр алуан құрал-саймандар өткен күннің көзіндей көрінеді. Тыл және еңбек ардагері, байырғы ұстаз Уәш Кеделбаев, Дәмеш Әбдірахманқызы, Жаңыл Мұқанқызы секілді қариялар жастарға кеңестік дәуірдегі өздері бастан кешкен оқиғаларын әңгімелеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырды. Олардың әңгімелері Байғабыл ауылының жастарына әдемі бір дәріс болғандай. Уәкең ақсақал мен Дәмеш апай құрдас екен. Екеуі де 1932 жылы осы өңірде туыпты. Бірге өсіпті, бірге оқыпты. Сондықтан болар олардың ғибратты әңгімелері барша көпшіліктің көңілінен шықты. Ал сахнада жаршылар түрлі сауықтың болатынын хабарлады. Жұртты алаңға шақырды. Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниевке берілді.IMG_0670
 
IMG_0726-Байғабыл – ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі. Бұл жерден талай-талай тамаша адамдар шыққан. Оны сіздер жақсы білесіздер. Елбасымыздың былтырғы жылы жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстанымыздағы барлық ауылдық жерлерді көркейтуге ерекше ықпал етіп келеді. Осы мақаланың арқасында былтырдан бері біздің ауылдарымызды көркейту ісі кең көлемде қанат жайды. Былтыр ауданымызда барлық ауылдардың күні өткізілді. Енді міне, осы мереке жаз уақытында өтетін болып белгіленді. Ауылдарыңызды көркейту, ең алдымен, сіздердің өз қолдарыңызда! Бәрі сіздерге байланысты. Сондықтан, ауыл халқына жаңа жетістіктер тілейміз! – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сөз алған Байғабыл ауылдық округінің әкімі Рауан Әбішевке ауылдың қазіргі жай-күйі туралы мәлім етті.IMG_0756
-Біздің ауылымызда биылғы мәлімет бойынша 2 906 ірі қара, 6 805 қой-ешкі, 1 123 жылқы, 4 591 құс бар. Округ бойынша 54 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оларда 81 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығын қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға қатысты. Атап айтар болсақ: «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Жолай» шаруа қожалығы  11 700 000 теңге несие алып, 61 бас ірі қара малдарын сатып алды. «Бекнұр» шаруа қожалығы 1 876 000 теңге несие алып, 10 сиыр, 1 бұқа сатып алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша «Есен» шаруа қожалығы 3 500 000 теңге несие алып, 10 бие сатып алды. Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатында Байғабыл ауылының бірнеше тұрғыны несие алып, ірі қара малдарын сатып алды, – деді ауыл әкімі.IMG_0812
 
IMG_0919Байғабылда 2016 жылы 3 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, 2017 жылы аталған ұжымдарөз жұмыстарын жалғастырды. «Байғабыл» кооперативі – 10 бас «Әулиекөл», «Ернұр» және «Жетібай»  кооперативтері – 10 бас қазақтың «Ақбас» асыл тұқымды бұқасын сатып алып, 600 бас сиырды селекциялық асылдандыруға қатысуда. Аталмыш кооперативтің біріншісінде 7 бұқа, екіншісінде 3 бұқа бар.
Округте техниканы жақсарту жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. 2015 жылы «Ұлан» шаруа қожалығы лизингке МТЗ-81 тракторын, 2016 жылы «Дәулет» шаруа қожалығы өз қаражатына МТЗ-82 тракторын алса, «Жақсылық» шаруа қожалығы өткен 2017 жылы өз қаражаты есебінен МТЗ-82 тракторын алды.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларын қолдауға, мүгедектер мен тыл ардагерлоеріне қамқорлық жасауға, әлеуметтік қорғауға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүріп келеді. Қазіргі күні округ бойынша 157 аула бар. Оларда 812 адам тұрады. Округ бойынша кедейшілік деңгейі 0,1 пайызды құрайды.
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жастар іс тәжірибесіне 1 адам жіберіліп, білім алып келді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 4 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Округ бойынша 1 фельдшерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді. Әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау мақсатында профилактикалық тексеру жүргізіп, ауруы анықталған науқастарды диспансерлік есепке алу және сауықтыру шаралары жұмыстары атқарылуда.IMG_0625
Спорттың бұқаралығын арттыруда тұрақты түрде спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Есепті мерзім ішінде 24 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға жалпы саны 200 адам қатысқан. Округте 1 спорт әдіскері, 1 күрес бапкері жұмыс істейді. Байғабыл ауылында күрес секциясында 3 топта 65 жасөспірімдер жаттығуда және мектеп ішінде волейбол, баскетбол, футбол, кір тасы үйірмелері жұмыс істейді. Ауылдың мәдениет саласын дамыту әрдайым басты назарда. Округте 1 мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетеді. Онда түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Мәдениет үйінде «Әжелер» және «Аталар» ансамбльдері жұмыс істейді.
Округ бойынша 2 кітапхана бар. Олардағы кітап қоры – 21 372 дана. Оқырман саны – 650. Ауылдық округте қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жақсы жолға қойылған.
Бір қуанышты жәйт – аудан бойынша біздің округте ғана ауыз су тәулік бойы (яғни 24 сағат бойы) беріледі. Тұрғындар 100 пайыз телефон байланысымен, 97 пайыз «Отау-ТВ» спутниктік телеарнасымен қамтамасыз етілген.
Округте санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биылғы жылдың өзінде 530 тонна күл-қоқыс қалдықтары шығарылды. Ауылға бірнеше түп ағаш отырғызылды. Әсіресе, өткен жылы күзде сыртта жүрген іскер азаматымыз Ж.Түбекбаев бастаған бір топ азаматтар ауыл халқымен бірлесіп, қорымдарды қоршап, оған бірнеше түп ағаш екті. Сондай-ақ Қамысқора ауылынан әдемі бақ жасады.
Биылғы жылы ауылдағы Б.Байқадамов атындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгелі отыр. Бұл да ауыл халқының ынтымақ-бірлігін одан әрі арттыра түсетін мәдениет ошағы.
Байғабылдықтар Ауыл күні мерекесін жақсы ұйымдастырған ауыл әкімі аппаратына, А.Нұрманов атындағы орта мектептің ұстаздар қауымына өздерінің ризалықтарын білдірді. Сөз арасында айта кетейік, мектеп ұжымы – ауылда өтетін әр істің ұйытқысы. Қуандық Шоңғалов бастаған ұжым бұл жолы да Ауыл күнін өз дәрежесінде ұйымдастыра білді.
Ауыл күні мерекесінде Міржақып Нүркенов, Бөгенбай Байділдин секілді ақсақалдар кезінде Байғабыл ауылдық округінің көлемінде құрылған колхоздарды өрге бастыруға Құлахмет, Шаяхмет деген атақты ұсталардың көп үлес қосқандарын ерекше айтты. Бүгінде олардың ұрпақтары да Байғабыл ауылын өркендетуге өз үлестерін қосып келе жатқанын мақтанышпен атап өтті. Сол секілді, патша үкіметі кезінде Баймұрат би, оның баласы Айтқұл болыс, Нарбай би, Биян қажы секілді аталарымыздың елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға қосқан үлесі туралы ғибратты әңгімелер шертілді. Ал Жолай батырдың ерлігі туралы жастарға Жаңыл Мұқанқызы әңгімелеп берді.
 Мектеп оқушылары Байғабыл ауылының басынан өткен кезеңдік оқиғаларды сахналап, бірнеше көрініс етіп көрсетті.
Бұл ауылдан талай-талай тамаша еңбек майталмандары шыққан. Мұқан Әбеуов, Сарман Ембергенов, Тоқтар Ерғалиев, Балға Нұрғожин секілді майталман мал өсірушілер тек осы ауылдың ғана емес, Торғай өлкесінің бетке ұстайтын мақтаныштары болды. Ата-бабалардан жалғасқан сол дәстүр одан әрі жалғасын табуда. Шындап келгенде, қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Байқадамовтың да арғы ата-бабалары осы Байғабыл топырағынан шыққан. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, күміс көмей әнші Ғазиза Жүмекенқызы мен Сүндет Байғожин де өз ауылының атын асқақтатып жүр.
Ауыл күнінде байғабылдықтар өздерінің алдында тұрған үлкен міндетті жан-жүректерімен сезінді. Осы күні ән мен күй қалықтап, түрлі сауық-сайран салтанат құрды. Ат құлағында ойнаған балалар теңге алып, аударыспақ ойынын көрсетті. Ең бастысы, ауыл халқы Байғабыл өзенінің жағасына тігілген ақшаңқан үйлердегі дастарханнан бірге дәм татып, алдағы уақытта да осы ынтымақ пен бірлікті одан әрі жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығын паш етті.
Мұқан ауылы өздерінің қазіргі тұрмысын паш етсе, Нарбай ауылы қазақ қолөнерін танытты. Қаламбай ауылы ұлттық тағамдарды көрсетсе, Шілитөбе – өнер, Жетібай – діни салт-доралғының үлгілерін ұсынды.
Мұнан соң спорт ойындары басталды. Қазақ күресінен ҚР спорт шебері Бекболат Мұқанов «Түйе палуан» атанды. Аманкелділік Қуаныш Құрақбай «Кіші түйе палуан» атағын алды. Аударыспақтан Бейбарыс Қойшыман озық шықты. Ал теңге ілуде Ерлан Әлімғазинның жолы болды.
Ия, Байғабылда өткен Ауыл күнінің ғибраты аз болған жоқ. Ең бастысы,жұрттың көңілі көтеріліп,  бір жасап қалды.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген авторлар

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓