Инең болса, иінің бүтін (Бейнебаян)

«Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ» дейді дана халық. Осындай аталы сөзді санасына сіңіріп, еңбекке бел шеше кіріскен жас тігінші Гүлнүр Омарованың кәсібі көпке үлгі. Алғашында өзі үшін кестелеп тіккен оның көйлегі бүгіндері көпшіліктің сұранысына ие. Рудный қаласының тұрғыны Гүлнұр Нұрлыбекқызы қазір мемлекет тарапынан қолдау тауып, қазақ халқының ұлттық киімдерін тігумен айналысады.
 
1 (3)
Келешекте өзнің жеке кәсібін ашып, қолынан келер өнерді дамытқысы келетін жастар үшін бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолын барынша қамтып, тиянақты түсіндірейік.
Кішкентай Гүлнұр ата-анасымен көршілес жатқан Өзбекстан елінен тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударған. 2006 жылы Лисаков қаласынан мектепті аяқтап, Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің инженер-педагог мамандығын қызыл димпломмен тәмамдайды. Қостанайға қайта оралған болашақ кәсіпкер мамандығы бойынша Рудный индустриалды институтында сегіз ай жұмыс істеген соң жеке кәсібін ашуға бел буады. Оған себеп – қанына біткен ісмерлік өнері.1 (1)
Гүлнұрдың анасы да, ұстаздық еткенімен, тігін тігіп, қолөнермен шұғылданған. Басында анасымен біріге отырып, шаңырақтарына келіп түскен келінге арнап әсем көйлек тігіп шығады. Тойдың көркі болған қазақы көйлек көпшіліктің көзіне оттай басылып, туындыға қатты қызыққан туыстары мен таныстары жалға сұрай бастайды. Кеншілер қаласында қазақтың ұлттық киіміне сұраныс бар екенін сезген анасы мен қызы үйдегі ескі тігін машинасымен басқа да ұлттық нақыштағы киімдер тігуге кіріседі.1 (7)
Шағын кәсіп жандана бастағанда Гүлнұр банктен несие алады. «Еуразия» банкінің кәспікер әйелдерді қолдау бағдарламасы арқылы пәтерін кепілдікке қойып, 650 мың теңге көлемінде қаржылай көмекке ие болады. Кейін сол ақшаға 3 тігін машинасын алдыртып, кәсіп аясын кеңейте түседі.
Тынымсыз еңбек еткен ол қиыншылықтар болғанын да жасырмайды. Қаладағы сауда орталықтарының бірінен жалға алған дүңгіршегінің құны қымбатқа түсіп, келіп түскен сұраныстарды жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығы да қол байлау болған.
Төккен тер өз жемісін берері анық. Әуелде анасының қолдауымен қолға алған Гүлнұр Омарованың кәсібі кейіннен мемлекет тарапынан демеу көреді. Ол «Жұмыспен қамту – 2020» бизнестің жол картасы бағдарламасы мен «Даму» ҰҚ-ның грантын жеңіп алып, 3 млн. теңгеге ие болады. Бұл қуаныш Гүлнұрдың шабытын оятып, кәсібін одан әрі дамытуға жол ашады. Бизнесін аяққа тұрғызып, бір арнаға түскен кәсіпкер Гүлнұрдың да айтары бар, бастамашыл жастарға бағыт-бағдар берсем дейді.
-Жастар үнемі қолдау күтеді, біреу көмектессе екен дейді. Өмірге енді аяқ басқан түлектер мен жұмыссыз жүрген құрдастарыма айтарым: қолдау бар, жеңілдік, демеу бар. Тек дұрыс таңдау жасап, іздене білу керек. Қазір бәрі мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келеді. Бір саланы басқарып, басшы болуды армандайды. Бірақ барлығын бірдей ондай қызметпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Тіпті, кейбіреуінің лауазымды қызметке ебі де жоқ. Ал біз нәтижесіз тырмысуды тоқтапаймыз. Сондықтан, айтарым – қолыннан шын келер өнерің болса соны дамытып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, кәсіп көзін ашу мың есе артық,-дейді Г. Омарова.
Қазіргі таңда Гүлнұр өз үйінен басталған кәсіпті үлкейтіп, шеберханасын іске қосты. Қазақтың ұлттық киімдері мен бұйымдарын сататын дүңгіршегін ашты. Сонымен қатар, 5 адамға жұмыс беріп отыр. Келешекте дүкен ішін кеңейтіп, тағы да жұмыскер алсам дейді. Себебі, бұл шеберхана Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Астана және көршілес Ресейдегі қандастардан да тапсырыс алады.  
  
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
 
Суреттерді түсірген Алмас БАТЫРХАН.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓