“Мен үшін айтыстағы жүлденің үлкені — халықтың ықыласы!”
Әселхан
Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл
атындағы сыйлықтың және «Парасат» орденінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы, белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова туралы сөз.
Талайды жырымен сусындатқан, айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова: «Әкем үнемі басқа балаларым бір төбе, Әселханым бір төбе. Осы қызым ақын болады, деп талантымды алғаш таныған еді» – дейді ақын. Суырыпсалмалық өнердің көш басында тұрған ақын бір сұхбатында «Біздер айтыстың жандануы үшін жанымызды салып еңбек еттік, тер төктік. Алдыңғы буын ағалармен қатар жүріп, солардан үйренгенімізді, кейінгі буын інілерге, сіңлілерге жалғадық. Бұл аманатты ендігі өсіп келе жатқан буынға жеткізу – бүгінгі айтыскерлердің міндеті», деп киелі өнердің қасиетін жастарға ұғындыру туралы айтқаны бар.
«Қозатын өлең десе делебесі, мен ақын Ергөбектің немересі» деп ақын апамыз өзі жырлағандай атасы Ергөбектің сұрауына дер кезінде үн қосып, әлеуметтік қайшылықтарды жете жырлап, сол тақырыпта сындарлы сөз қалдырған сергек ойшыл ақын екендігі анық. Десек те Әселхан Қалыбекова өзін жазба ақын ретінде де мойындатып қойған, бұған дәлел «Отырар аспаны», «Басыңды тікпей бақ қайда», «Сырттап кеткен тамырлар», «Жыр шапағат» сол сияқты т.б. таңдамалы жинақтары қалың оқырманға жол тартқан.
“Мен үшін айтыстағы жүлденің үлкені — халықтың ықыласы!”
Өмір – күрес, ал Әселхан апамыз сол күрестің бел ортасында жүрген күрескер ақын. Әселханның айтыс өнерімен біте қайнасып кеткені соншалық, қалың қазақ Әселханды айтыстан, айтысты Әселханнан бөліп қарамайды. Әселхан апамыздың айтыстары осы күнге дейін ел аузында. Аңыздай болып кеткен айтыстары туралы ақын апамыздың өзі былай дейді.
«Есенқұлмен тағы мына Семейде айтысып отырмыз. Әкежан Қажыгелдиннің ол кезде премьер-министр болып тұрған кезі еді. Оның әкесі Семейдегі Абайдың тойында қазылар алқасының төрағасы болды. Содан бізге кәдімгі көп қысым көрсетіп, үйтіп айтыңдар, бүйтіп айтыңдар деп, білгішсінгендер көп болды. Соның өзінде біз Есенқұл екеуміз аналардың сөзін тыңдамай, тақырыптан көп шығып кетіп жырладық. Олар үкіметті, Президентті, Абайды мақта дейді. Еш сын айтпа дейді. Солармен ерегісіп, бұлардың финалына шықпасақ та айтайық деп, екеуміз Семейде бір сағат айтысқанбыз. Сол айтыстың ішіндегі кереметі біздің айтыс болды. Сонда мен:
Опасыз елін сатқан қауымдайын.
Айтпадық біз кешеден ауыл жайын.
Ел жайы түзелуден кетті Есенқұл,
Сары ауру өтіп кеткен бауырдайын
Жоқты айтсаң құрисың деп, «Волга» тұр
Жаңа піскен қауындайын, – дедім. Көзді қызықтырып «Волга» береміз деген ғой.Сол айтыста Семейдің зиялы қауымы екеуміздің бір сағаттық айтысымызды үнсіз, шыбынның ызыңын шығармай тыңдады. Бізде алдын ала келісіп алу деген болмапты. Тек Есенқұлға «жоқты, халықтың жайын айтпасаң құрисың» дегенім рас. Есенқұл сонда «Әселхан, менің де ішім күйіп барады. Сен айтшы, мен саған қосыламын» деп бірден азаматтық танытты. Алайда, өкінішке қарай, сол айтысымыз сақталмапты менде».
Өлеңiнiң отымен халқын да, бала-шағасын да жылытып жүрген Әсел ақын:
Жүрекке сан жүк арттым,
Жантақ кешiп, жол қылдым.
Қара шашты ағарттым,
Қара көздi оңдырдым, – дейдi.
Ақын Мұхтар Құралов «Өнердiң ауыр жолына, Рельс қып жанды төседiң» десе, ақын Фариза «Мен айтысты Әселхан арқылы жақсы көрiп кеттiм» дейдi. Көпен Әмiр-Бек «Сен айтыстың күймесiсiң» деп, «Бiр қарасаң – арыстандай айбарлым, Бiр қарасаң – қошақандай момыным» деп, хан қызындай Ханбибi жырға қосады. Ханбибi апамыз тағы да «Әнi сұлу, жаны сұлу болмаса, Патша кiмнiң сүйiп едi бетiнен?» дегендi де айтады.
Айтыстағы бір қайырым
“Нәресте еңбегіндей былқылдаған,
Қол жетті дәл бүгінгі шаққа осындай”
Қазағым не көрмеді бақ та ашылмай,
Айтатын алтын сөз бар ат басындай.
Нәресте еңбегіндей былқылдаған,
Қол жетті дәл бүгінгі шаққа осындай.
Күллі әлем біздің елге үңіліп тұр,
Еріген Самарханның көк тасындай.
Халайық Нұрекеңді хан көтерді,
Апарып ордасына ақ шатырдай.
Маңдайы еш халықтың ашылмаған,
Өзінен туған ұлы таққа отырмай.
Ер мінезді, патриот, батыл, әділ кісінің бірі – Әселхан ақын. Мұндай тұлғаларды құрметтеу парыз, сый-құрметке лайықты. Үлгі алып, осындай жақсы қасиеттерін бағалай білсек орынды. Шыны керек, сарай ақыны бола бермей өз рухының асқақ үнін жеткізіп, табиғи мінезіне салып, ел сүйсінткен қазақ балаларына қайран қалам, жақсы адамдарға қайда да болса аман жүрсін, өркені өссін деп тілектеспіз. Бір ғажабы, аңқаулығы мен аңғырттығы бар адамдардың кісілігі мол. Бұл хикметі мол заманда жан сүйсінетін, шын қайран қалатын жағдайлар көп емес-ау асылы.