Тілсіз жаудың құрбаны – 13 адам
Биылғы жылдың алғашқы бес айында аймағымыздың аумағында 377 өрт болды. Қызыл жалыннан келген шығын 4,5 млн. теңгені құрап отыр. Өрт 13 адамның өмірін жалмаған. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 28% аз. Аймақтық баспасөз орталығында өткен жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Т.Кәкімов осындай мәліметтер келтірді. Айтуынша, құтқарушылар жыл он екі айда кірпік қақпастан қызмет етуде:
– Өңірдің 8 ауданына қарайтын 219 мың га орман алқабы бар. Қостанай облысы әкімдігімен «2016 жылғы Қостанай облысының мемлекеттік орман қорының аумағында олар мен күресу және орман өрттерін алдын алу бойынша ісшаралар жоспары» бекітілді. Өрт қауіптілігі кезінде орман қорының аумағында адамдардың болуы мен техникалардың өтетін жолдарына күшейтілген бақылауды қамтамасыз ету бойынша шешім қабылданды. Биыл орман-дала өрттерінің алдын алу жөнінде қабылданған шараларға қарамастан, аймақтың орман алқаптарында 10 өрт тіркелді. Оның жалпы көлемі 98,7 га құрайды. Кінәлі тұлғаларға айыппұл салынып, әкімшілік өндіріп алу жауабына тартылды.
Департамент басшысы бұдан бөлек, қасақана өрт қою дерегінің азаймай тұрғанын айтты. Үстіміздегі жылы осындай 18 жайт тіркеліп, қозғалған іс материалдары жергілікті ішкі істер органдарында қаралуда. Сонымен қатар, табиғат аясында демалып, ас-судан қалған шоқтың қалғанын өшірмей кетудің соңы үлкен зардаптарға әкеліп соғатынын да ескертіп өтті. Ал былтырғы жылы өрт қауіпсіздігін сақтамай, қоршаған ортаға зала келтірген 360 адам әкімшілік жауаптарға тартылып, оларға 9 млн. теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Ал өткен мамыр айының соңында Әулиекөл ауданында болған өрттің аумағын тікұшақпен бақылау кезінде 20 га жер отқа оранған деген мәлімдеме жасалған болатын. Алайда Т.Кәкімов нақты зерттеулердің қорытындысы бойынша ол аумақ 92 га құрағанын айтты.
Облыс аумағында 27 өрт сөндіру бөлімдері орналасқан, онда 191 өрт сөндіру техникалары бар. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет күштері өңірдің 600 мыңға жуық тұрғыны бар 170 елдімекенін қорғауға алған. Ерікті өртке қарсы құрылымдар облыстың 195 мың халқы бар 442 елдімекенінде орналасқан.
2015 жылы жергілікті атқарушы органдар департаментпен бірлесіп 10 өрт бекеттері құрылса, олар 17 өртті жоюға қатысты. 2016 жылы облыс аумағында тағы 3 өрт бекетінің ашылуы жоспарлануда.
Шалғай аудан тұрғындарын мазалайтын мына бір мәселе бар. Әдетте далада болатын өрттерді сол аумаққа жақын орналасқан ауылдардың адамдары өз күштерімен сөндіріп алып жатады. Олар көбіне қызыл жалынды ауыздықтағаннан кейін жергілікті билік өкілдерінен кеткен шығынды талап ете бермейді.
– Бұл шығынды жергілікті әкімдік ұйымдастыру керек. Себебі, өрт сөндіру машиналары аудан орталығынан алыс далаларға бара қоймайды, – деді департамент бастығы.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ