Жас келсе іске
"Нұр Отан" партиясының бастамасымен қолға алынған "Мықты бизнес – қуатты мемлекет" жобасы Қостанай облысында қарқынды жүзеге асырылуда. Айтулы шара аясында, кәсіпті нәсіп етпек болған жастар Жітіқара, Сарыкөл, Алтынсарин, Қамысты аудандарындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Бизнеске бет бұруға ынталы жастар қалыптасқан кәсіп иелеріне өздерін алаңдатқан сауалдарын қою мүмкіндігін қалт жібермеді. Шаруаларын шыр айналдырып отырғандар бизнестің қыр-сыры мен осы салада кезігер түрлі қиындықтарды, жұмысты нәтижелі жүргізудің жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, жиналғандарды нан, сүт, шұжық өндіретін цехтарындағы, жиһаз фабрикаларында жүргізіліп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Жітіқара ауданындағы "Дина" ЖШС директоры Марат Жалпақовтың айтуына қарағанда, жастар жағы қалыптасқан тәртіпке бағынбай, сағат 9.00-18.00-ге дейін жұмыс істегілері келмейді. Бостандықты аңсағандар бизнесін ашуға ұмтылады. "Өз ісіңді ашқанда, бос уақыттың азаятындығын, сондай-ақ демалыс күндер болмайтынын, олар біле бермейді. Жеке кәсіп ерен еңбек пен үлкен жауапкершілікті талап етеді", – дейді ол.
Ал, сарыкөлдік кәсіпкер Юрий Бондарчук кәсіп ашудың қағазбастылыққа тірелерін ашық айтуда. "Бизнестің бар қиындығы құжат жинаудан басталады. Ең алдымен, заңмен танысып, салықтың түрлерін біліп алу қажет. Осыдан кейін, заңды тұлға ретінде тіркелесіз. Қазіргі талаптарды білмейінше, бизнес ашу мүмкін емес. Заңға сүйенбесеңіз, кәсібіңіз қарызға отырғызуы ықтимал" – деген Юрий Бондарчук өзге де мәселелерге тоқталып өтті. "Мықты бизнес – қуатты мемлекет" жобасын жүзеге асырып отырған партиялықтар осындай кездесулер арқылы жастардың өз ісін ашуларына септігін тигізбек ниетте.