Заңды белден басқан
Қостанай аудандық Кәсіпкерлер палатасы прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып, кәсіпкерге қол ұшын созды.
Палатаға шағым түсірген шаруа қожалығының жетекшісі Ғалиәскер Қасымов 2015 жылы аудандық әкімдік Половников селолық округіндегі өзіне тиесілі (жалпы көлемі 340 га) жер телімін бір жақты шешті деп түсіндіреді.
Әкімдіктің осы іс-әрекетін кәсіпкер заңсыз деп санайды. Өйткені, кезінде аталған жер телімі оған ұзақ мерзімге пайдалануға беріліпті. Екі жақты келісім күні бүгінге дейін күшін жоймаған.
Осы мәселені жіті тексеру барысында Палата сарапшылары мен аудандық прокуратура қызметкерлері кәсіпкердің құқығы аяқасты болғанын анықтады. Яғни, мемлекеттік органдар заңды белшеден басқан.
«Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның 92 және 8 баптарын өрескел бұзылған. Мәселен, кәсіпкер Ғ. Қасымовтың жер телімін пайдалану құқығы туралы шарт өзгертілмеген. Ал әділет органдары оны тіркеуді мүлде естерінен шығарып алса керек. Негізі, мұндай талаптар Жер кодексіне сәйкес сот тәртібі бойынша жүргізілуі тиіс.
-Бүгінгі таңда, аудандық прокуратура заңдылықтың бұзылуын жою туралы Қостанай ауданы әкімінің атына ұсыныс-хат жолдады. Онда заңды тұлғадан жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы қаулыны жою және лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тайтылған, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директорының орынбасары Самат Сәдуақасов.
Айбек КӘДІРҰЛЫ