Қазына қаржысы қайда жұмсалады?

Қостанай облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының қатысуымен жиын өтіп, онда 2016 жылға арналған облыс бюджеті туралы мәселе қаралды.бюджет
-Аймақтың негізгі қаржы жоспарына енгізілген түзетілімдер нәтижесінде бюджеттің табыс бөлігі көбейген жоқ,- дейді бюджетті жоспарлау және экономика басқармасының жетекшісі Ерлан Спанов. -Соманың негізгі бөлігі – 458 млн. теңге – мемлекет бюджетінен «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қосымша қаражат алуға мүмкіндік беретін 56 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге жұмсалады.
Сондай-ақ, шағын және орташа бизнесті қолдау үшін «Даму» қоры және «Атамекен» ұлттық палатасы филиалымен жасалған меморандумдарды іске асыруға 300 млн. теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Мектеп оқушыларын оқулықпен толықтай қамтамасыз етуге 62 млн. теңге, Федоров ауылына газ тарту жұмыстарына 200 млн. теңге, Арқалық қаласы мен Тобыл ауылындағы жылу қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізу үшін 130 млн. теңге жұмсалмақ.
Қостанайға Тобыл жағалауындағы саябақ құрылысын жалғастыру және  бейнебақылау жүйесін орнатуға 249 млн. теңге, қазіргі жүріп жатқан жөндеу жұмыстары және сәулеттендіруге 178 млн. бөлінсе, Совхоз, Герцен, Майлин көшелеріндегі және 9 шағын аудандағы үйлердің кіреберістерін жөндеуге және инженерлік коммуникация құрылыстарына 103 млн. теңге беріледі.
Депутат Анатолий Сергеев (Федоров сайлау округі) облыс әкімінің орынбасары Роза Кемаловадан Қашар ауылын көріктендіру үшін қаражат бөлу мүмкіндігін ұсынып еді, Кемалова бұл өтінішке 2017 жылға арналған бюджетті қарастырғанда қайтып оралатындығын жеткізді.
Комиссия мүшелері әкімдік енгізген өзгертулерге келісіп, оларды облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында талқылауға шешім қабылдады.
 
Алмас БАЙДЫРАХМАНОВ,
ҚМУ-нің І курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓