Жанармай: таусылмас жыр

Біріне бірі түрткі
Бензин бағасы көтерілсе, қалғанының да құны шарықтайды дей беріңіз. Себебі, жанармайдың бұл түрі Қазақстандағы тауар мен қызмет құнының қалыптасуына тікелей қатысты. Бағаның жоғарылауы – сана-сезімі дұрыс қалыптасқан әр адамды алаңдатуы тиіс. Тек, жер көлемі жағынан 9-шы орынды иемденген, жер асты байлығы Менделеев кестесін тегіс толтырған, мұнай мен алтынның үстінде отырған қазақ елін тіптен, әбігерге түсірмеуі тиіс еді. Десек те, тапқаны тамағынан артылмайтындар үшін 20 теңгенің өзі үлкен шығын болғалы тұр.
Қарапайым арифметикаға салсақ, біздегі жанармай құны 20 теңгеге яғни, 10%-ке көтерілді. Яғни, елдегі тауар да, қызмет те осыншама пайызға көтерілуі тиіс. Көтеріліп те жатыр. Жанармай – жайылымда жүрген малға да әсер етті, осы екі айдың көлемінде қара мал етінің бағасы 1700 теңгеден 2000 теңгеге өсті. Жылқы еті тіптен шарықтау шегіне жеткен. Оны айтасыз, әлеуметтің басты асына айналған картоп құны 300 теңгеден асып тұр. Нан, сүт құны да қалысар емес. Сонымен, тауар тасымалына теріс әсер еткен бензин бағасының көтерілуіне не себеп? Еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты тұтынушыларын өнімімен қамтамасыз етуге қауқарсыз ба? Осыны саралап көрелік.
 
Бәрі бұзылудан басталды
Елімізде бензин 2021 жылдың наурыз айынан бастап көтеріле бастаған еді. Мәселен, Қостанайда ең көп тұтынылатын АИ-92 маркалы жанармай 150 теңгеден 173 теңгеге дейін өсті. ҚР Энергетика министрлігі баға көтерілуін бензин тапшылығымен байланыстырды. Сала өкілде-рінің уәжінше, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі мезгілсіз жөндеуге жабылып, қалған екеуі тұтынушыларын қажетті мөлшердегі мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алмай қалған. Мұның үстіне, Қостанай сияқты шеткі облыстардан арзан жанармай көрші мемлекеттерге тасылған көрінеді. Билік бензин бағасын көтеру арқылы экспортты тоқтатуға тырысқан. Осылайша, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету мүмкін болды деп түсіндірді министрлік.
Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының 2018 жылы ғана жаңғыртудан өткі-зілгенін айта кеткен абзал. Соңғы жұмыстардан соң, отандық өндіріс ошақтарының қабілеті артып, өнімділігі 24% жоғарылаған еді. Десек те, өндіргеніміз өзімізге бұйырмай, сыртқа тасылумен болды. Бензин экспортын тежеу мақсатында отандық өнім бағасы сол кезде де біршамаға көтерілді. Нәтижесінде жанармай импортын 32 есеге қысқарту мүмкін болған екен.
Мұнай өңдеу зауыттары толықтай жаңғыртудан өткізілгеннен кейін, ел үкі-меті баға саясатын өз қолына алып, тұр-ғындарын арзан бензинмен қамтамасыз етуі тиіс еді. Десек те, қара алтын бағасы тұрақсыз күй кешіп, бағаны реттеу мүмкін болмай кетті.
Жалпы, мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа мұнайды өзіндік құнынан 30%-50%-ға дейін шектеп, атап айтқанда барреліне 25-30 АҚШ доллары шегінде жеткізеді. Бензиннің бөлшек саудадағы бағасы зауыттан жанармай құю станциясына дейін жеткізу бойынша барлық ілеспе шығындары ескеріле отырып қалыптастырылады. Яғни, қазіргі ұсынылып отырған 173 теңгеге – өнімді мұнай базасында сақтаудан бастап, операциялық шығын, салық, банктік қызмет көрсету, ҚҚС, еңбекақы, алыс-беріс маржасы және тағы басқа да шығындары енгізілген. Мұндағы мұнай үлесі тек 11-14%-ды ғана құрайды, ал жанармай құю станцияларының таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңге.
 
Биржаға байланған баға
Әлемдік стандартқа сай, яғни орталықтандырылған сауда инфрақұрылымын дамыту, отын-энергетика секторын нарықтық экономикаға көшіру мақсатында еліміздегі мұнай өнімдері ETS тауар биржасы арқылы сатылып жатқанын айта кеткен жөн. Бастапқы кезеңде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10%-ы биржа арқылы сатылды. Кейіннен оның көлемін 15-20%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
Ақпан айының басында ұйымдастырылған сауданың алғашқы сессиясында 19 мың тонна АИ-92 және АИ-95 маркалы өнім сатылып, бензиннің алғашқы баға индикаторлары қалыптасты. Бүкіл сауда аптасында отын құны 169 мың теңгенің бастапқы бағасынан 39%-ға, тоннасына 234,9 мың теңгеге дейін өсті. Литрге шаққанда бензин құны 125 теңгеден 174 теңгеге дейін жетті. 12 сәуірде өткен соңғы сауда сессиясында АИ-92 бағасы литріне 155 теңгеден 174 теңгеге дейін көтеріліп, жанармайдың шекті бағасы бекітілген еді.
Елімізде жанармайдың қымбаттауына Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысын тоқтатуы да себеп болған еді. Электр кернеуінің көптігінен зауыттың кейбір құрылғылары істен шығып, біраз уақыт жөндеуді талап етті. Осы уақыт аралығында Батыс Қазақстан облысында бензин тапшылығы байқалып, мұнай өнімі өңірде талонмен ғана беріле бастады. Ал кейбір жерлерде жоғары бағамен саудаға шығарылды. Мұндай жағдайдың тек батыс жағында ғана емес, еліміздің басқа өңірле-рінде де орын алғаны жасырын емес.
Ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету мақсатында, Павлодар және Шымкент зауыттарындағы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Десек те, мұның уақытша жасалған қадам екенін естен шығармағанымыз абзал. Себебі, жоспарлы жұмыс бәрібір, жыл аяғына дейін жүргізілуі тиіс. Тапшылық пен қымбатшылықтың "көкесін" сол кезде сезінетін сыңайлымыз.
 
Бізде ғана ма?
Жалпы, посткеңестік елдердің басым бөлігінде осындай жағдай қалыптасқан. Мәселен, Қырғызстанның 5 мұнай өңдеу зауыты елін жанармаймен қамтыса, өзбектер – қазақ елі іспетті 3 зауытқа телміріп отыр. Ал, Түркіменстанда бір ғана зауыт жұмыс істейтін көрінеді. Осыған қарамастан, бұл жақта біздегідей бензин тапшылығы жоқ, жанармай бағасы да тұрақты әрі арзан. Әлемдік "globalpetrolprices.com" ақпараттық порталы құрған рейтингке сүйенер болсақ, аталған мемлекет бензин арзандығы жағынан 7-ші тұр, Қазақстан – сол тізімнің тоғызыншы сатысында.
Есепке әлемнің 169 мемлекетінің алынғанын ескерсек, осы көрсеткішімізге тәубе деуге болар еді. Әйтсе де, инвестициялық саясаты мен экономикалық тұрақтылығы жағынан түркіменнен көш ілгері саналатын елде жанармайды әлі де арзандатуға мүмкіндік бар. Ол үшін Түркіменстандағыдай жанармай қорын молайтып, баға саясатын нарыққа салмай-ақ, мемлекеттің құзыретіне қалдыра салса жеткілікті. Шекараны шегендеп, бензин экспортын бұғаттау да мемлекеттің еншісінде.
Бензин – әлеуметтік маңызды өнім, оның бағасы басқа тауарлардың құнына әсер етері анық. Баға өскен сайын халықтың тұтыну қабілеті төмендейді.
Айтпақшы, еліміздегі күре жолдардың ақылы болуы да қымбатшылыққа итермелеуі ықтимал. Биыл Қостанайдан Екатеринбург бағытындағы Ресей шекарасына дейінгі автожол жүк көліктері үшін ақылы болады. Ақылы жол облыс орталығы және Қостанай, Федоров, Қарабалық аудандары арқылы өтеді. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар күре жол – Қостанайдан Нұр-Сұлтан қаласына апаратын автожолдың Есіл ауданы шекарасына дейінгі тұсы да ақылы болады. Облыста пайда болатын ақылы бағыттардың екеуі де 2-ші және 3-ші санаттағы жолдарға жатады. Яғни, жол тек жүк көлігі үшін ғана ақылы болады. Бұл дегеніміз – оңтүстіктен әкелінер көкөніс пен азық-түлік бағасы тағы көтеріледі деген сөз.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓