Облыс әкімі оңтүстік аудандарды аралады
Облыс әкімі ұсынған «Көркейе бер, Қостанай!» акциясы жақсы қарқын алып келеді. Бүгіндері Қостанай өңірінде осы жоба бойынша бірқатар ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, қайта жанданып жатыр. Облыстағы қала, аудандардан шыққан белгілі кәсіпкерлердің басын қосып, туған елге көмек қолын созуға шақыру – акцияның басты мақсаты. Облыстың оңтүстігіндегі Аманкелді мен Жанкелдин аудандары да аймақ басшысының жобасын құп көріп, іске кірісе кеткен. Кеше Архимед Мұхамбетов шалғайдағы қос ауданға арнайы ат басын бұрған болатын.
Аманкелді ауданы
Қаймана қазақ ортасына жасаған іссапар Аманкелді ауданынан басталды. Батыр атындағы ауданға қарасты Қарасу ауылдық округінде Сәт деп аталатын елді мекен бар. Архимед Мұхамбетов осы ауылдағы «Кәусар» шаруа қожалығына бас сұқты.
Аядай ғана ауылда кәсібін өрге домалатып отырған Сағдат Дауғарин өз шаруашылығын 2012 жылы ашқан. Аталған жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 млн. 770 мың теңге ақша алып, мал басын көбейтті. 24 ірі қара мен Әулиекөлден асыл тұқымды бір бұқа әкелген. Сондай-ақ, Сағдат 2012 және 2016 жылдар аралығында «Агробизнес 2020» бағдарламасы арқылы 4162,0 мың теңге көлемінде субсидия алып отырды. Атына заты сай болған «Кәусар» шаруа қожалығы адал нәсіптерін тауып, ауылдықтарды да несібесімен қарық қылып отыр.
Осы «Кәусар» қожалығының базасында 2015 жылдың 26 қарашасы күні «Сәт» ауылдық тұтынушы кооперативі құрылды. Негізгі мақсаты – ірі қара санын көбейту. Құрамында 26 құрылтайшы мүшесі бар. 13 бас асыл тұқымды «Қазақтың ақ бас» бұқаларын сатып алып, 390 бас ірі қара малдың аналықтарына селекция-асылдандыру жұмыстары жүргізіп жатыр. «Сәт» АТК қарауында 4 жұмыскер істейді. Жалақылары да жаман емес. Шаруалар ай сайын 70 мың теңге ақшасын үзбей алып отырады.
-Мемлекеттік бағдарламардың көмегімен кәсібіміз алға баса бастады. Алғашында үкіметтен өз сыбағамды алып, осы ауыл тұрғындарынан сиыр сатып алдым. Сиыр малы жуас, тез көбейеді. Беретін өнімі де мол. Қазір өзімде 93 бас бар. Оның 60-ы – аналық. 2230 гектар жер менің иелігімде. Соның 730 гектары – шабындық, қалғаны жайылымдық жер. Жыл сайын еш алаңсыз несиемді де жауып отырмын,-дейді Сағдат Сайлаубекұлы.
Аудан әкімі Жансұлтан Тәукеновтің айтуынша, соңғы бес жылда «Сыбаға» бойынша Аманкелді ауданында 1415 бас ірі қара сатып алынған. «Алтын асық» бағдарламасымен өткен жылы 668 бас қой, ал «Құлан» бағдарламасы бойынша 161 бас жылқы алынды. Аудан – ауыл шаруашылығына бағытталған. Облыс әкімінің де айтары осы. Батпаққара жері шұрайлы, шөбі шүйгін. Бір кездері мал өсіруден оқ бойы озық болған аудан қайта еңсе тіктеп келеді.
Сөз соңында облыс әкімі: «Ауылдың Сәт деген атауы да жағымды екен. Осыған сай бәрі де сәтті өтсін!» деп, лебізін білдірді.
Бұдан соң Архимед Мұхамбетов іле аудан орталығына бет алды. Әкімнің алғашқы ат шалдырған нысаны – Орталық стадион. 2005 жылы бой көтерген спорт кешенінің әбден тозығы жеткен. Алайда, облыс әкімінің бастамасымен асарға асыққан аманкелділік атқамінерлер 25,8 млн.теңге жинап, нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жасамақ. Спорт ғимаратын және сырттағы алаңды да қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр. Футбол алаңын, жүгіру жолағын ауыстырып, көрермендер трибунасына жаңа орындықтар алдыртады. Аманкелдіктер спортқа құмар. Салауатты өмір салтын ұстанады. Оған мысал, ауданда осы уақытқа дейін нашақорлық ешқашан тіркелмеген. Қазақ күресінен бір талай палуандар шыққанын тілге тиек етеді тұрғындар.
Аудандағы ауқымды барлық іс-шара осы стадионда өтеді. Биылғы ең басты мереке – Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы. Батпаққара өңірі мұны биыл күзде атап өтуді жоспарлап қойған. Сол себепті, кешенді тез жаңарту қажет. А.Мұхамбетов жөндеу жұмыстарын назарда ұстайтынын ескертіп, күзде атаулы мерекемен құттықтауға келетінін де айтты.
Торғайдағы Үдербайдың Аманкелдісі бастаған көтерліске жүз жыл толды. Азаттық үшін күрескен ерлер есімі, қанды қырғын соғыс тарих қойнауында қалды. Сол жылдардан сыр шертіп, өткенді еске салып тұрған – Аманкелді Иманов атындағы мұражай ғана. Батыр атындағы мұражайда 12 қызметкер жұмыс істейді. Тарихи жәдігерлерді сақтап тұрған ғимарат 1969 жылы салынған. Соңғы рет 2008 жылы 5 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жасалды. Қазір Аманкелді мұражайы күрделі жөндеу жұмыстарына дайындық үстінде. Себебі, биыл 12 млн.теңге ақша бөлініп, қайта жаңармақ.
Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың төбесі қалпына келтіріліп, терезелері ауыстырылады. Жаңа жылу жүйесі тартылады. Мердігер Нұркелді Нұрмаханов барлық жұмысты бір ай уақыт ішінде бітіруге уәде етіп отыр.
Жанкелдин ауданы
Облысы әкімі Архимед Мұхамбетовтың іссапары Жанкелдин ауданына жалғасты. Қарт Торғай топырағына келген өңір басшысы әуелі «Малдәрігер-2011» ветеринария бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты.
-Бұл мекемеге 2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жағдайы жақсы. Бүгінгі уақытта, барлық округтарды қосқанда, 69 адам жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының бәрі мал ұстайды. Жұмыс көп. Барынша еңбек етуге тырысамыз, соның арқасында мал шығыны да аз. Былтырғы киік қырылған аймақтардағы елді мекендерді аралап, үй жануарларына тегіс екпе жасадық,-дейді мекеме директоры Әбілбек Сейітқазиев.
Мал дәрігері – Қазақстандағы жетіспейтін мамандардың бірі. Жанкелдиндегі «Малдәрігері-2011» мекемесіне үш жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келіп отыр. Келешекте тағы да келеді дейді аудан әкімінің орынбасары Шота Оспанов. Ал егу науқаны кезінде қосымша жұмыскерлер алады. Барлық ауыл-аймаққа тиесілі ветеринария қызметкерлері бар. Техника саны да жеткілікті.
А. Мұхамбетов былтырғы киік қырылған барлық аумақты жіті назарда ұстау керек екенін айтты. Төрт түлік малын төсінде өрбіткен Торғай жұртына биыл қауіптенер ешнәрсе жоқ дейді мамандар. Себебі, Жанкелдин, Аманкелді, Арқалық, Қамысты, Жітіқара жері бойынша 63 мың бас мал егілді. Әзірше ен далада киік жануары байқалмайды. Тек көктем басында бірлі-жарым бас киік келгенімен, көп тұрақтамапты. Әуеден бақылап, назарда ұстаймыз деді торғайлықтар.
Осы Торғайдан талай ағартушы ғалым, жазушылар дүниеге келген. Әр заманда зиялыларымен аты шығып отырған қасиетті мекен. Алғашқы қазақ мектебінің қабырғасы да осы жерде қаланған. Соны ескерген облыс әкімі де аудан орталығында орналасқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті аралады. Бұл мектеп 1974 жылы ашылған. 2010 жылы республикалық бюджеттен 120 млн.теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жасалды. 2011 жылы республикалық бюджеттен тағы 105 млн.897 мың теңге берілді. Білім ошағы толығымен жаңарды. Сапасы жағынан облыс орталығындағы мектептерден кем түспейді. Оңтүстік аудандардағы бетке ұстар білім ордаларының бірі. Ғаламторға қосылған 42 компьютер, құны 1 млн.197 мың теңге тұратын республика бойынша сирек кездесетін обсерватория бар мұнда. Оқушы саны – 555. Алайда, ел үмітін мектеп ақтар емес. Себебі, биылғы 37 түлектің біреуі де «Алтын белгі» алуға лайықсыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 22 бала ғана қатысады. Былтырғы тестілеуде орташа балл – 61. 100 ұстазы бар Алтынсарин мектебінің білім сапасына көңілі толмаған А. Мұхамбетов қатаң ескерту жасады.
-Білім сапасы жыл сайын төмендеуде. Мұғалімдерді електен өткізіп, білікті мамандар алу қажет. «Көркейе бер, Қостанай!» акциясы аясында жұмыс жасау керек. 1974 жылдан бері қанша түлек қанат қақты. Соның бәрін жинап, әр кабинетке керек-жарақты алдыртыңыздар. Әркім өзі оқыған мектебіне қол ұшын созу керек,-дейді облыс әкімі.
Енді бір қуантарлық жайт – Торғайдағы Оспан Қожа мешітіндегі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні. 1992 жылы салынған мешіттің қабырғалары құлап, төбесі ылғал тартқан. 300 адамдық рухани ошақ жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына жөнделмек.-Облыс әкімі бастаған «Көркейе бер, Қостанай!» жобасын естіп, жомарт жандар қаржы жинап, көмектесіп жатыр. Алла үйінің жанғыруына көмектескен жігіттерге алғысым шексіз. Қазір біздің мешіттің тек сырты нашар демесеңіз, іші нұрға толы. Себебі, ауыл жастары дінге жақын. Жұма намаздарында жүзден аса адам жиналады,-дейді мешіттің бас имамы Аян Хасенов.Жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, осы жылдың тамызында бітеді. Кәсіпкерлер 6 млн.теңге ақша жинаған, әлі де қосылады. Тек осымен тоқтап қалмай, Жанкелдин ауданына қарасты ауылдардағы шағын мешіттерді жөндеуді қолға аламыз дейді торғайлықтар.
Облыстың оңтүстігіне жасалған іссапардың соңғы нысаны – аудандық аурухана. Күрделі жөндеу жұмыстарына мұқтаж. 1978 жылы салынған аурухана ғимараты ескіріп, тозған. Шама-шарқы жеткенше барлық аурудың алдын алуға, күрделі операциялар жасауға тырысады. Отаның бәрі сәтті өтеді. Қазіргі бас дәрігер – білікті маман Қақанай Исмайлов. Қостанай қаласында еңбек етіп келген тәжірибелі дәрігер күрделі операциялар жасағанын айтады:
-Соңғы тоғыз жыл ішінде ана өлімі тіркелген жоқ. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында биыл бала өлімі болмады. Облыстық бюджеттен 20 млн.теңге бөлініп, жаңа флюро қондырғы орнаттық. Арқалық қаласынан әкелген бұл аппарат арқылы ауыл-ауылды аралап, 2259 адамды тексерістен өткіздік. Жыл сайын 50-ден астам ота жасаймыз. Бәрі сәтті шығуда,-дейді Қақанай Исмайлов.
Басты проблемалардың бірі – дәрігерлер жетіспеушілігі. Бес маман қажет. Қазір екі түлекпен келісіп, байланыс ұстап отыр. Биыл оқуларын тәмамдайтын жас мамандар, елге оралып, қызмет етуге уәде берген.
Осы ауруханаға 236 млн.303 мың теңге бөлінейін деп отыр. Ғимаратқа толық жөндеу жұмыстары жасалады. Аруханадағы төрт жылу қазандығын облыс әкімі келешекте орталықтандыруды қарастыратынын айтты. Әзірше, шатырды жөндеп, терезелерді алмастырып, іші мен сыртына көрік беру керек.
Кенже ҚОНЫСБАЙ