Мотоциклші көз жұмды
Рудный қаласында «Ауди» автокөлігі мен «Хонда» мотоциклі соқтығысты. Жол көлік оқиғасы 20 мамыр күні сағат таңғы 6-дан 38 минут өткенде орын алған. Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Юрий Панасенконың айтуынша, Қашар кентінің 1987 жылы туған А. есімді тұрғыны мотоциклде мемлекеттік нөмірсіз Ленин көшесі бойымен сынаптай сырғып бара жатып, алдындағы көлікті басып озбақшы болған. Сол сәтте қарсы жүріп келе жатқан «Аудидың» сол жақ бүйіріне барып қатты соққан.
Жол апаты нәтижесінде мотоцикл жүргізушісі көптеген жарақаттар алып, кешке жақын жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Сараптама қорытындысы бойынша «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі мас болмаған. Яғни жол көлік оқиғасына кінәлі мотоциклисттің өзі дейді тәртіп сақшылары. Бүгінде қалалық ІІБ аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғап отыр.