Тәуелсіздікке арналды
Үстіміздегі жылы ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Міне, осы мерейлі күнге орай облысымыздағы іскер әйелдер қауымдастығы «Қазақстан Тәуелсіздігіне –25 қайырымды іс» атты қайырымдылық шарасы аясында өңіріміздегі есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатының мектеп жанындағы учаскесіне жиырма бес сүмбіл терек отырғызды.
– Қамқорлық жасау, көмек, жәрдем беру – адам баласының адамгершілік қасиеттерінің бір парасы деп ойлаймыз. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлау мақсатында осы бір іс-шараны қолға алдық. Тал-терек көшетін отырғызу бір жағынан айналаны қоршаған ортаға қамқорлық жасау болса, екіншіден, еліңді, туған жеріңді көркейту, еңбекке баулу болып табылады. Мектеп-интернаттың балалары бізді қуана қарсы алды. Шелектерімен су тасып, көшеттерді ұстап, өздері отырғызуға ұмтылды. Қауымдастықтың іскер қыз-келіншектері қайырымдылық шараны қуана қабылдап, көшеттерді тиісті орындардан сатып алып, оны мектеп-интернатына апарып, отырғызуға бір кісідей атсалысты. Ал, осы отырғызылған сүмбіл теректерді күтіп-баптау жұмыстарын мектеп интернатының оқушылары мен биология пәнінің мұғалімі атқаратын болады. Әрине, алдағы уақыттарда осындай қамқорлық шараларына ұйытқы болармыз деп ойлаймыз,-деді Қостанай облысы бойынша іскер әйелдері қауымдастығының атқарушы директоры Әсия Дуанбаева.
Гүлназым САҒИТОВА.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.