Біздің ағай тамаша
Жақсы мұғалім маған бәрінен қымбат, өйткені – мұғалім мектептің жүрегі" деп, ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтпақшы жаңа заманауи техниканың мүмкіндігі артып, еліміз өркендеген қазіргі заманда ауыл мектебі үшін жақсы ұстаздың рөлі әрқашанда басым болмақ. Аманкелді ауданындағы Жас буын орта мектебі аталмыш талап үрдісінен шығып келеді. Жас ұрпаққа тәлім беруде көпжылдық тәжірибесі бар аға буын ұстаздар қауымымен қатар мектебіміз жылма-жыл жас мамандармен толығуда.
Өңірдегі бірегей білім ордасы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетін тәмамдаған Аслан Садықов көп ойланбай туған ауылы Қарасуға келіп еңбек жолын бастайды. Кішкентайынан спортты жанына серік еткен жас маман ауыл, аудан, облыс спортын дамытуға белсенді үлесін қосуда. Сол еңбегі бағаланып үлкенді-кішілі жарыстардан үнемі жүлделі оралып жүр. Атап айтқанда, 2008 жылы аудандық "Жалын-2008" жарысында, 2009 жылы "Әрқашан мықты, салауатты бол!" велосипед жарысында, 2010 жылы спорттық көпсайыста, 2010 жылы Ұлы жеңістің 65 жылдығына арналған кроста, 2010 жылы "Денсаулық фестивалі" Президенттік көпсайысында, 2012 жылы аудандық "Жалын-2011" жарысында, 2012 жылы "Арқалық Хабарының" туған күніне арналған жарыста, 2013 жылы шаңғыдан аудандық шаңғы жарысында жүлделі орындарға ие болды. 2014 жылы "Үздік бапкер" атағымен марапатталды.
– "Ұстаздық еткен жалықпас" дейді ғой, өз білгеніңді өзгелерге үйретіп, оның жетістігін көруді өзім үлкен қуаныш санаймын. Мен ізбасар шәкірттерімнің барына мақтанамын. Жас ұрпақ жаман әдеттерден аулақ болып, спортты серік етсе деген тілегім бар,– дейді спортшының өзі. Айта берсек талапты жастың жетістіктері жетіп артылады.
Ала жаздай жеңіл атлетикамен шұғылданып, жерге қар түскеннен қолынан шаңғысын тастамай, ауылдың үлкен-кіші спортшыларын соңынан ертетін Аслан Ғабдылхамитұлына барлығы сүйсінеді. Жуырда ғана Елордамыздағы "Тұран-Астана" Университетін үздік тәмамдап, "Туризм" мамандығы бойынша ғылым магистрі атағын алған Асланның алар асуы қашанда биік болмақ.
Зарина Акбарова.
Қарасу ауылы,
Аманкелді ауданы.