Ұрыға атпен қуып жетті
Қостанай аудандық ІІБ қылмыстық полиция бөлімінің жас қызметкері, лейтенант Олжас Нұржанов кезекшілік кезінде отар қойды айдап әкетпек болған ұрыны ұстады. Әуелі ол суымаған ізге түсіп, 20 шақырымдай жол жүріп барған, кейін жергілікті бақташыдан ат сұрап мініп, ұрыға жетіп алып, қолға түсірген.
18 мамыр күні таңғы сағат 5 кезінде кезекшілік бөліміне 54 жастағы Садовой ауылының тұрғынынан хабар түседі. Ол 51 бас қойының ұрланғанын хабарлапты.
-Оқиға орнына келісімен дуал тиегінің сынғанын көрдік. Тергеуші жапа шегушілерден сұрау алып, ізкесуші сол уақытта дәйектер іздеп, өз ісімен айналысып жатқан. Мен іздерді көріп, соңына түсуді шештім,-дейді О.Нұржанов.
Бұл кезде отабысының әлдебір мүшесі ұрыны тауып қалам ба деген үмітпен өз бетінше қоңсылас елді мекендерді шолуға шығып кетіпті.
Лейтенант ұсақ малдан қалған ізді қуалап, Осинов ауылына дейін 20 шақырым жүріп барған. Оған кейін жапа шегуші көлікпен жетіп алып, әрмен қарай темір тұлпармен жол қысқартқан.
-Аудан орталығы Затоболға жеткенде жайылымнан әлдебір шопанды көріп, оған мән-жайды түсіндірдік. Ол жарты сағат бұрын қой айдап бара жатқан көк курткалы жігітті көргенін айтып берді,-дейді лейтенант.
5 шақырым жерден Олжас жоғалған отар мен күдіктіні көзі шалады. Таяп келе жатқан тәртіп сақшысын жазбай таныған "көк курткалы" өкпесін қолына алып қаша жөнелген.
Жеңіл автокөлікпен көлшігі көп ашық далада жүру мүмкін емес-тін. Олжас ойланып тұрмастан ұрыға атпен жетіп алуды шешеді. Шопанның атын сұрап алып, құйғыта жөнеледі. Бір қызығы, жас полицей кейін айтқандай, ол ешқашан атқа мініп көрмеген екен.
Күдіктіні ұстасымен, тәртіп сақшысы оны АІІБ-не алып келген. Тергеу барысында ұрының бұған дейін де істі болған 20 жастағы Новоселов ауылының тұрғыны екені анықталды. Ол ұсақ малды шетінен сатып, ақша қылуды жоспарлапты.
Қазігі уақытта аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.