Жергілікті полиция қызметі құрылды
Былтыр ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жергілікті полиция қызметін құру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі, сәйкесінше, заң жобасын әзірлеп, оның негізгі ережелері ҚР Президенті Әкімшілігі тарапынан мақұлданған.
Кезектен тыс өткен сессияда Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың бұйрығымен, мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Нығмет Әуезханұлы Ысмағұлов жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды.
Нығмет Ысмағұлов 1970 жылы Торғай облысында туған. Қазақ. Білімі жоғары. 2002 жылы А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің заң мамандығы бойынша білім алған. Құқық қорғау саласындағы жұмысын 1996 жылы бастады. 2012 жылдан бері Қостанай қаласы ІІБ басшысы қызметін атқарған.
Қостанайда облыстық Ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Тлеген Мәткенов жергілікті полиция қызметінің міндеттері жайында баяндама оқыды. Бұл құрылым қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық қылмысқа қарсы күресу міндеттерін жүктейді. Аталған полиция құрылымына учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және арнайы қабылдау бөлімдері кіреді. Қостанай облысында барлығы 1300 полиция қызметкері жұмыс істейтін болады.
Жаңа полиция құрылымының басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп береді. Мұндай есеп полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұтастай алғанда жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы органға есептілігі тұрғындардың сенімділік деңгейін арттыруға ықпал жасамақ.
Кезектен тыс сессияда өмірге аса қажетті дәрілерді сатып алу мәселесі де қаралды. Мәселен, муковисцидоз – бүкіл ағзаға әсер етуші және өмір сүру ұзақтығын қысқартушы үдемелі ауру. Асқынса, өкпені қою әрі жабысқақ шырышпен бітеп, қайталанбалы инфекциялы өкпе ауруларына әкеледі. Қостанайда муковисцидозге екі адам шалдыққан. Жиында қабылданған шешім бойынша, құны 6 миллион тұратын 3 құрылғы сатып алынбақ.
Сессия барысында бюджеттік сала мамандары мен бірқатар органдардағы кадрлық өзгерістер, персоналдардың тікелей міндеттері туралы бірнеше мәселе қаралды.
Қасқырбай Қойшыманов