Тағылымды кездесу
Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Чернобыль апатының 30 жылдығына орай “Чернобыл жаңғырығы жадымызда” атты дөңгелек үстел басында тағылымды әңгіме өрбіді. Оған аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин, аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіорв, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауыл Ахметжанов, Торғай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылқыбай Бәкіров, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Сапаров, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Қайрат Төлебаев және әлемді дүрліктірген апатқа алдын алуда жанқиярлық ерліктері мен күш жігерлерін жұмсаған Чернобыль ардагерлері мен мектеп оқушылары қатысты.
1986 жылы Украинаның шағын қаласында орын алған апатқа өз еріктерімен біздің ауданнан 7 адам қатысқан. Қазіргі таңда ортамызда жүрген Әнуарбек Ғалымұлы, Жақсыбай Ғалымжанұлы, Еркін Төремұратұлы және Олег Жоламанұлы ел алғысын арқалап, зор құрметке ие болып жүр. Үкімет тарапынан да қолдауға ие. Дөңгелек үстел басында Чернобыль атом-электр станциясындағы ядролық апатты заласызландыруға қатысқан жерлестеріміздің көзбен көрген жан түршігелік жәйіттерді баяндап, ой бөлісті. Содан бері талай уақыт өткенімен әр сәті естерінде екен. Радиацияның салдарынан денсаулықтарына зиян келіп, соның кесірін, болған зардабын әлі татып жүргендерін сөздеріне арқау етті. Мектеп оқушыларының сауалдарына жауап беріп, елімізде ондай қасіреттер болмасын, тек бейбіт өмір болсын деген ниеттерін арнады.
-Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан біздің мыңдаған отандастарымыз бен жерлестеріміз болмағанда, ауқымы одан да үлкен болуы ықтимал еді. Өз өмірлерін, денсаулықтарын пида етіп, сеніммен артқан борыштарын адал орындап, адамдарды радиацияның зиянды әсерінен қорғап қалып, оның кеңінен таралуына тосқауыл болды. Бұл кешегі Ұлы Отан соғысындағы ерлікпен пара-пар. Ел үшін жасаған жанкешті ерліктерді насихаттау мақсатында барлық мектептерде кездесулер өтіп отырса, ел тыныштығы оңайлықпен келмегендігін жас ұрпақтың санасына сіңірер едік. Сондықтан осы мәселені күн тәртібіне қою керек, – деді аудан әкімі Асқарбек Ахметбекұлы.
Сонымен қатар, кеш қонақтарына алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Еңбек ардагері Тыныштық Әбжамалов және Торғай ауылы ардагерлерінің төрағасы Жылқыбай Бәкіров ойларын ортаға салып, тілектестіктерін білдірді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы