Кент әкімі кеңінен көсілген күн
Ауданда әкімдердің есеп беру науқаны басталды. Алдын ала бекітілген кестеге сай, Сарыкөл кентінің әкімі ел алдында есеп берді.
Аталмыш жиынды алдымен, аудан әкімі Эльдар Күзенбаев ашып, мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым, ауылшаруашылық өнім өндірушілер, шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер және барлық аудан тұрғындарына өткен жылдың жақсы нәтижемен аяқталғанын айтып, өңірге қосқан зор еңбектері үшін алғысын білдірді.
Сонымен, өз кезегінде сөз алған Сейтбек Қаппасов кенттің 2014-жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, 2015-жылдың негізгі тапсырмаларын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, өтен жылы аудан басшысының арнайы берілген 13 тапсырмасының 9-ы орындалған, ал 4-і әлі де орындалу үстінде.
Сол жылы сарыкөлдіктерден барлығы 178 үндеу келіп түссе, соның 37-сі өз тиісті жеріне жіберіліп, ал 141-і қаралып, 32-не қазір түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, бүгінгі таңда аудан орталығында 72 дүкен, 10 дәмхана, 1 қоғамдық монша, 7 шаштараз, 1 шұжық цехі, 3 өндірістік жиһаз цехі, 4 техникалық қызмет көрсету бекеті, 3 диірмен, 6 шағын наубайхана, 2 тұшпара және кондитерлік цехі, 3 ағаш ұста шеберханасы, 2 тігін тігу цехі және 2 пилорама жұмыс істеп тұр.
2014 жылы аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 47 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілген, яғни, 149 адам 3426,5 мың теңге көлемінде материлдық көмек алған.
Кент әкімі кеңінен көсілген күні келелі кездесуге келгендер ауқымды ақпараттар алды.
Сондай-ақ, сарыкөлдіктердің қысқы жолды қалыпты ұстау, сумен қамтамасыз ету, мал шарашылығын дамыту, абаттандыру мәселелері қамтылған сауалдарына аудан басшысы арнайы жауап беріп, кейбір күрделі мәселелерді болашақта шешу үшін өзіне түртіп алды.
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы