Талаптыға нұр жауар

Жас әнші Нұрахмет Аманкелді ауданында туып-өскен. 2013 жылы ата-анасы Сарыкөлге көшіп келді. Ал, ол өзі бүгінде З.Алдамжар атындағы Қостанай əлеуметтік-техникалық университетінің 2-курс студенті. Спорт саласында оқып жүрсе де, ән айтуға бейім.Талантты жас әнші - Оренбург сахнасында
-Менің сахнаға ең алғаш 2-сыныпта шықтым. «Тазша бала» сайысында екінші орынды иелендім. Содан, араға 5 жыл салып, аудандық ән байқауында бағымды сынап, бас жүлдені жеңіп алдым. Одан әрі, балалар арасында өтетін Халықаралық "Алтын микрофон " ән додасына қатысып, ақтық айналымда өнер көрсетуге жолдама алдым. Содан бері әншілік өнерімді ұштаумен келемін.
Жас талант бүгінде облыс жұртшылығына танылып жүр. Қостанай аудандық «Золотой колос» мəдениет үйінің əншісі. Одан бөлек, облыстық деңгейде өтетін түрлі іс-шараларда өнерін паш етіп жүр. Жеткен жетістіктері де аз емес. Аудандық, облыстық және республикалық жарыстардағы жүлделерін айтпағанда, соңғы ең сүбелісі  -жақында ғана Ресей елінің Оренбург қаласында өткен XXVII Еуразиялық студенттер байқауында 2000-нан астам жас өнерпаз арасынан «Вокал» номинациясы бойынша суырылып алға шығып, жеңімпаз атануы. Әрине, осындай жетістікке жетуіне облысқа танымал өнерпаз ұстазы  Асылан Кенжетайдың ықпалы көп тигенін айтады өзі.Нұрахмет
-Бұл байқау іріктеу және финалдық кезеңнен тұрды. Онда мен «Алға, Қазақстан!» әнін орындадым. Үлкен сахнаға шығып, халықтың қолдауына ие болғандағы қуанышым шексіз, әрине. Себебі, сол жақтағы қандастарымыз да жақсы қабылдап, алғыстарын айтып жатты. Мен бұл байқаудан өте ерекше әсермен оралдым. Әсіресе, Ресей, Əзербайжан, Украина, Үндістан, Грузия,Татарстан, Башқұрт жəне т.б. елдерден қатысқан әр ұлт өкілдерімен достасып кеттік. Байқау соңында барлығымыз бір-бірімізді қонаққа шақырып, қимай-қимай қоштастық, – дейді жеңімпаз атанған жерлесіміз Нұрахмет.
Айта кеткен жөн, аймақтың, еліміздің атын шығарып қайтқан Нұрахмет Дәулетбайұлы келген соң бірден облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың
Құрмет грамотасымен марапатталды. Онда «Қостанай облысының әлеуметтік саласына қосқан үлесі, белсенді азаматтық ұстанымы, оқуда және шығармашылықтағы жетістіктері үшін марапатталады» делінген.
Жалпы, Қазақстан эстрада жұлдызы, атақты әнші Сәкен Майғазиев ағасына еліктеп, облыстағы аға-апаларынан бағыт-бағдар алып, ізінен еріп келе жатқан жас дарынның болашақта жоспарлары да жетерлік. Ең бастысы, өнер жолында өзіндік қолтаңбасын қалдыру. Сол үшін қолдан келгенше аянбай тер төкпек ниетте. Құдай қаласа, алдағы уақытта «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, бағын сынамақ ойы бар.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓