Ие бол!
Ауыл. Құдалық. Шәй ішіліп, үзіліс болды да, құда-жекжаттар тысқа шықты. Мамырдың мамыражайы. Ауылдан қозы көш жерден көкжиекке селбескен сайын даладағы трактордың дүрілі еміс-еміс естіледі.
– Мароторий дұрыс болды. Әй,осы шындағанда ауылда жер алатын адам бар ма екен, өзі?-деді келген құда жаңа құдаларына қуақылау сұраулы пішінмен. – Ауылдарыңыз қартайып қалыпты. Ойнап-күліп жүрген жас көрінбейді. Ылғи шал-кемпір. Бірді-екілі шаруаның қолы қысқ-а.. Шетелдіктер жалға алса, өзімізден жалданатын кісі таппайды-ау. Ал алпауыттар болса өздерінен басқасын маңайына жолатпайды.
Шуақтап тұрғандар аяқ астынан мұндай сұрақты күтпесе керек, су жаңа бас құданың сөзіне аңтарылып қалды. Ауыл-үйдегілер құдалардан сәл шеткеректеу тұрған Көбей ақсақалдың аузын бақты. Бірақ қарт естісе де, естімеген кісідей тіс жармады.
– Солай-ау, құда. Бірақ қазақта жер жетеді, ешкімнің қолын қақпай, сату керек, жалға беру де керек. Біздің ағайындар, әлі ақша табудың көзін, пайда табуға шабан.- деп қаладан келген Сағын.
– Далаға тиіспе. Тыңайып, тусырап жата берсін, құнарланады! Киіктер көбейсін, Мал жайылсын. Болашаққа аманат.
-Үйіңді сат, малыңды сат, жаныңды сат, бірақ жерді сатпа – жатқа!
Бұдан әрі ала қотан тұрғандар әр тұстан «дұрыс, дұрыс емес» деп гүж-гүжге басты. Бір уақытта манадан бері жақ ашпаған Көбей қарт шарт кетті:
Бұдан әрі ала қотан тұрғандар әр тұстан «дұрыс, дұрыс емес» деп гүж-гүжге басты. Бір уақытта манадан бері жақ ашпаған Көбей қарт шарт кетті:
– Ау, құда, бері қараңыз, тыңдаңыз. Жерді де, бізді де құдай жаратты. Бірақ Жаратқан иеміз адам-пендесін сол жер үстінде өмір сүрсін деді. Жерді басып жүргеніміз болмаса, оның жүрегін тыңдамаймыз. Алқынып түр. Не істемедік, енді?! Мына біздің көкдаланың біраз жерін өз ағайындарымыз-ақ 5-6 жыл жалға алған, әбден берекесін кетірді. Күтпеді, қарамады, тастап кетті. Қазір арамсояулар, ойран шөп, алабота , шырмауық басып қалған, масқара! Жеріміз қайтіп азбасын, қайтіп тозбасын. Жер-ана деп құр қызыл сөзді қыздырады ,түге. Жаны ашымайды. Әу, Сағын інім, той-томалақ, құда-жекжаттан басқа қайда бардың, не істедің? Сендердің қалаңда, білемін, «асфальттағы шаруалардың» ақшасы көп, мұрнынан есекқұрты түсіп отыр. Жылына көктемде бір, күзде бір төбе көрсеткеннен басқа, ауылға не істепті? Олар ненің қадірін білгендей. Қолына күрек-кетпен ұстап көріп пе екен, өзі? Жер – кие. Намысқа тисе тисін: жалқаумыз, дарақымыз. Жердің киепеті атып кете ме деп қорқамын!
– Көке, Қазақ жері 1 миллиард адамды асырай алады екен. Ал біз бар болғаны 17 миллионбыз. -деді, жиырмадан асқан мұғалім жігіт.- Егер жер меншігіңде болса, сана өзгереді. Талап күшейгенде, түйсік оянады.
– Ел дұрыс айтады, жерді қанжығаңа бөктеріп ала кете де, ұрлап шекара асырып жібере де алмайсың. Жер жарықтық аялап, күтсең иіп береді, көл-көсір төгіп береді.
« Бос жатқан жер жау шақырады» деген ел сөзі бар. Жеріңе ие бол, ағайын!- деді де, Көбей ақсақал бұрылып жүре берді. Құдалар ләм-мим деген жоқ.