Сағыздай созылған құжат

Бұл енді біраз қызу талқыға салынған мәселе. Қандай мәселе дейсіз ғой? Тәптіштеп айтсақ, көгілдір отынды есептеуіш құралсыз пайдаланып отырғандарға қойылған тариф туралы. Бұған дейін бір емес, екі рет кері қайтарылған тариф жобасын қоғамдық кеңес мүшелері тағы да кері қайтарды. Себебі, бір адамға 10,6 текше газ пайдалану нормасында біраз шикіліктің барын әрі қостанайлықтар үшін бұл қымбатқа түсетінін кеңес мүшелері түсіндіріп бақса да, құжатты дайындаған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы аталған норманы өздерінше дұрыс деуде. Бұл тарифті «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ енгізіп отыр.газ
– Бірнеше рет қаралса да, бір тоқтамға келе алмай отырғанымыз рас. Бұл тарифті енгізген «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ мен жобаны ұсынған басқарма біздің талабымызды неге түсінбейді?- деп қалды қоғамдық кеңес хатшысы Валерий Вишниченко. – Қазір есептеуіш құралы бар әр үй көгілдір отынды адамына байланысты 3-4 текшеден пайдалануда. Ал, біз бүгін бұл жобаны мақұлдап жіберсек, атымызға сын келмей ме? Біз қарапайым халықтың мүддесін бірінші ойлауымыз қажет. Әр ұсынған құжатты жан-жақты қарамай, пысықтамай қабылдап жіберсек, қоғамдық кеңестің бұл жерде пайдасы көк тиындық болып қалады. Міне, бүгінгі мәжілісте тарифті енгізген мекеме өкілі тағы да жоқ. Қанша шақырсақ та келмеді. Қоғамдық кеңеске пысқырып та қарамай ма олар?..
Жобаны ұсынған басқарма басшысының орынбасары Игорь Алексеев «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ өкілінің кеңеске келмегенін түсіндіре алмай күбіртіктеп қалды. Бірақ өзінше ақталмақшы болып:
– Құжатта ұсынылған норма белгілі бір тәртіппен әбден есептеліп Үкіметте бекітіліп қойылған ғой. «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ техникалық-экономикалық жағын есептеді. Танысып көріңіздер,– деп еді, кеңес мүшелері бір ауыздан қарсылық білдіріп, тағы бір мәрте тарифті ұсынған мекеме өкілінің осы мәселе жайында егжей-тегжейлі түсіндіріп, бас көрсетпегеніне шамданды.
Сол сәтте сөз алған «Текстильщик» жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы Сергей Соловьев газ нормасына уәж айтты.
– Әлгі мекемеге («Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ айтып отыр – автор) сұрағымыз көп. Берілген тариф дау туғызады. Кейбір үйлердің есептеуіш құрал орнатуға жағдайы жоқ. Су есептеуіш құралдарына қарағанда газ есептегіштердің бағасы қымбат. Әр адамға 10,6 кубты қайдан алынды? Бұл деген масқара емес пе?! Біздің және кеңес мүшелерінің қарсы екенін  біле тұра неге өздері келіп, тиянақтап түсіндірмейді? – деп толық келіспейтіндігін айтты.
Кеңес мүшесі, өңірдегі кәсіпкерлер палатасы филиалының  директоры Мұрат Әбенов құжатпен танысқанын, сондықтан норманы уақыт өткізбей қабылдау қажет десе, қаржы басқармасының басшысы Сәуле Аймұхамбетова да әріптесімен толық келісетінін жеткізді.
– Елімізде көгілдір отынға байланысты нормалар әлдеқашан-ақ қабылданып қойған. Ал, бізде әлі талқыға түсіп отыр. Сондықтан тезірек шешім шығарып қабылдайық. Есептеуіш құралы бар үй газды үнемдейді. Ал, жоқтары тіпті, 10,6 кубтан да жоғары пайдалануы мүмкін.газ2
Бұл пікірге Сергей Соловьев мүлдем қарсы шықты. Ол әзірге түк түсіне алмай жатып әрі «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ өкілінің мәжіліске келіп, өздері белгілеген тарифін түсіндірмей жатып кеңес мүшелерінің қабылдап жібергені халықтың сенімсіздігін тудыратынын сөз етті. Егер барлығы бұлай жалғаса берсе, ендігәрі мәжіліске келмеймін деді.
Дау біразға дейін жалғасып, ақыры Валерий Вишниченко аталған құжатты президиумға қалдырып: "Егер норманы қабылдасақ та, біздің әлі «Каз ТрансГаз Аймақ» АҚ-на байланысты мәселеміз мұнымен бітпейді",– деді.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓