Сот орындаушысының қызметіне кедергі көп
Ұлт жоспары бағдарламасының 27-қадамында жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту әрі сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқарту нақты көрсетілген. Ал бүгінгідей экономикалық дағдарыс уақытында мемлекет қазынасын толтыруда сот орындаушылары белсенді түрде жұмыс істеуі керек. Ол үшін мамандар борышкерлерді әкімшілік жауапқа тартатын жазаға дейін бармақ.
Облыстық әділет департаментінде осы мәселені көтерген жиын болып өтті. Бұл сот орындаушылары институты құрылғалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен. Басқосуға прокуратура, ІІД, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда облысымызда 51 жеке сот орындаушысы бар. Олардың көп бөлігі қалаларда жұмыс істейді. Жыл басында сот орындаушыларының қолында борышы барларға қатысты жалпы 56,8 мың іс болып, онда 52,5 млрд. теңгеге жуық қаражат қордаланып тұрған. Бұл жөнінде департаменттің жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлнар Сыздықова жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысына сілтеме жасай отырып баяндады:
– Аталған істердің 8,8 мыңнан астамы аяқталып, мемлекетке 5,6 млрд теңгеге жуық қаржы өндіріліп алынды. Биылғы жылы былтырғыға қарағанда, 8,7 мыңнан артық істің келіп түскенін айта кеткен жөн. Өткен жылдың бірінші тоқсаны мен биылғы мерзімді салыстыратын болсақ, өндіріп алу 20% төмендеп кеткенін байқаймыз.
Азаматтар мен заңды тұлғалардан жеке сот орындаушыларына қатысты шағымданған 76 өтініш түскен болса, соның алтауы Әділет министрлігі арқылы келген. Гүлнар Сыздықова шағымданушылардың көбі борышкерлерді тіркейтін «Бүркіт» базасынан борышын өтеп болған соң аты-жөндерінің уақытында алынып тастамалмайтынына немесе мамандардың қателігінен борышкер емес азаматтардың аты-жөндерінің тіркеліп кететініне шағымданатынын айтты. Бөлім басшысы жеке сот орындаушыларының кейбір әрекетсіздігін, соның ішінде процессуалдық құжаттардың ай-күнін белгілемеуі, оған қол қоймай, өндіріске жіберуі, орындау өндірісі жөнінде мәлімет жеткізбеуі қатарлы салғырттығын тізіп берді.
Осындай өрескелдіктерге қарамастан, облысымыздағы жеке сот орындаушылары борышкерлердің шекара асып кетпеуіне тосқауыл қою жөнінен биылғы жылы республика бойынша екінші орында екен. Ал өткен жылы өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы негізгі ұйымдастыру, қаржы және құжат айналымы жұмыстарын жүргізу, өндірістегі істерді орындау тәртібі жөнінен еліміз бойынша бірінші орынға көтерілген.
Жиында жеке сот орындаушылары кейбір сот шешімі шығып тұрған істерге полиция мен прокуратура органдарының араласа алмай, соның кесірінен жұмыстарына үлкен кедергі келетінін жеткізді. Бір ғана мысал. Сөз алған сот орындаушыларының бірі өзі айналысып жатқан күрмеуі қиын іс жайында айтып берді:
– Менде 2004 жылдан бері мемлекетке қарыз борышкер тіркеліп тұр. Қазір сол борышкерден берешегін өндіріп алу өзімді тығырыққа тіреп отыр. Мәселен, оның 2 жүк көлігі бар. Борышкер сол көліктерді жалға береді, олар көрші Ресейдің жерінде жүк тасымалымен айналысады. Мен сол мүліктерді тәркілеу туралы сотқа арыз түсірдім. Сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Бірақ заңды құжат бола тұра, ІІД мен прокуратура оларды тәркілеуге әрекетсіздік танытып отыр.
Қостанай қаласы прокурорының орынбасары Т.Жүсіпов сот шешімдері орындамалмаған жағдайда, істі жүргізген мамандардың өздерінің әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатынын жеткізді. Сол себепті, оларға сот орындау жұмыстарына немқұрайлы қарамауын ескертті. Сондай-ақ өз ықтиярымен берешегінен құтылмайтын борышкерлерді де жауапқа тарту мәселесін көтеріп, бұл жағынан прокуратура органдары ықпал етуге әзір екендігін айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.