Мүмкіндік – шектеусіз
Бұған дейін Жангелдин ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Қайырымдылық керуені” жалпы ұлттық акциясының шеңберінде “Аналар кеңесі” құрылып, “Мейірім” атты қайырымдылық акциясы төңірегінде әр түрлі іс-шаралар өткізіп жатқандығы жөнінде жазған болатынбыз. Осы мақсатта Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде “Мейірім” акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға бос уақыттарында қолөнерге үйретуді қолға алды. Жарымжан балғындар мата қиындылары және тоқыма жіп қалдықтарынан шағын кілемшелер мен төсеніштер жасауға машықтануда. Олар жасаған төрт бұрышты, жүрек пішіндес кілемшелер көз татарлықтай тамаша. Сонымен қатар, зағип балалар ақ қағаз қиындыларын бір-біріне желімдеп, арнайы тоқыма және тігін жіптерін салуға арналған себеттер жасады. Тіпті кейбірі жиналған көрермендерге арнап ән салып, көңіл-күй сыйлады. Ал аталмыш мектептің кітапхана оқырмандары “Бауырсақ” ертегісін балалардың назарына ұсынды. Олар дән риза. Өнер мектебінің директоры Жанар Шалабаева ризашылығын білдіріп, балаларға өздері жасаған себеттерді сыйға тартты.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ,
Жанкелдин ауданы.