Егер өніміңіз үздік болса…
Қостанай облысының кәсіпкерлері әріптестерін "Қазақстанның үздік тауары" және "Алтын сапа" байқауларына қатысуға шақырады. Өтінім тапсыру мерзімі 1 шілдеде аяқталады.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері айтқандай, байқауға тауар өндірумен және ҚР аумағында қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Қатысу үшін ресми сайттан үлгісін тауып алып, өтініш толтыру қажет немесе мұны кәсіпкерлер палатасы филиалына барып жүзеге асыруға болады. Сол жерде мамандар өтінім берушілерге қандай құжаттар керектігін және өтінішті дұрыс толтыру ережелерін түсіндіреді.
Былтыр "Қазақстанның үздік тауары" конкурсының аймақтық кезеңінде облыстан 15 кәсіпорын қатысқан еді. Республикалық деңгейге "Аян-Озат" фирмасы жолдама алып, "От Розумовича" атты шұжық өнімдерімен екінші орын иеленіп, "Үздік азық-түлік тауары" аталымын қанжығалады. Облыстық кезеңде «ЕвразКаспианСталь», «Сары Арка Автопром» ЖШС-тері көш бастағанын да айта кеткен жөн.