Ақ жол саған, жас сарбаз!
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен “Антыңа адал бол, жауынгер!” атты әскер қатарына шақырылған жас сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге аттанғалы отырған сарбаздарға ақ жол тілеп, шекара шебінде тұрып, ел тыныштығын күзетудегі жауапты міндеттерін мінсіз атқарып, аман – есен елге оралуларына тілектестігін білдірді.
Ауған соғысының ардагері Бөкейхан Әмірханұлы, Хамзина Жамал анамыз және кеше ғана Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген Қалам – Қарасу ауылының тұрғыны Олжас Қаламбекұлы өздерінің жылы лебіздерін жолдады.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Қайрат Қабдрашұлы өз баяндамасында әскерге шақырылған азаматтар ауданымыздың абыройын артырып, мәртебесін көтеріп, қазіргі таңда әскери міндеттерін қалтқысыз атқарып жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар болашақта ел мен жердің қорғаны болатын жауынгерлерге естелік сыйлықтар табыстады.
Жас сарбаздар атынан сөз алған Темірлан Асқарбекұлы әскери қызметті елі, ата-аналары мақтаныш ететіндей өтеуге, болашақта Қазақстан Республикасының әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасында болуына өз үлестерін қосатындықтарын айтты.
Салтанатты шығарып салу рәсімнің соңы мерекелік концертке ұласты.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы