Әңгіме арқауы – ҰБТ
Бүгінгі таңда әлеуметтік саланың бірі болып саналатын білімге бөлінетін қаржының көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын білімге бөлінген қаржы 47 млрд. теңгені құраса, ал, үстіміздегі жылғы білім саласына бөлінген қаржының көлемі 58 млрд. теңге. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың айтуынша, экономикалық қиындықтарға қарамастан 11 млрд. теңгеге өсіп отыр.
Рас, білім беру мекемелеріміз күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңарып, ұстаздарға уақытылы еңбек жалақыларын төлеп, қолдау-көмек көрсетеміз, өңірімізде білікті педагогтарымыз да жеткілікті, бірақ соңғы жылдардағы білім сапасы мен ҰБТ көрсеткішіне келсек, атап айтқанда, өткен жылы республика бойынша тоғызыншы орынға барып тірелдік. Облыста қырыққа жуық мұғалім жетіспейді, балабақша салынып, шағын орталықтардың саны көбейгенімен өңірде 0-6 жас аралығындағы 22 мың бала балабақшаның кезегінде тұр. Аймақтың бес ауданында балалар шығармашылығына арналған үй жоқ. Міне, осы секілді мәселелер Қостанай қаласындағы балалар шығармашылығы үйінде облыс әкімінің қатысуымен өткен кеңес-жиналыста жан-жақты талқыланды.
Гүлназым САҒИТОВА