Аталар берген «Ақ бата»
«Қымбат дүние қолға түсе бермейді, қымбат сөз ауызға түсе бермейді» дейді дана халқымыз. Құнды сөз, бата-тілекті жоғалтып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету бағзыдан қалыптасқан игі дәстүр.
Таяуда Меңдіқара ауданында жергілікті Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және аудандық «Юбилейный» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен алғаш рет аудандық «Аталар айтқан ақ бата» атты байқау ұйымдастырылған болатын. Бұл мәдени – көпшілік іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды, оны Мәдениет үйінің өнерпазы Мұрат Нағашыбай жүргізді.
Байқауға Теңіз, Жанкелдин, Краснопреснен, Көктерек селолық округтері мен Боровское селосынан тілек білдірген ақсақалдар қатысты.
Үш айналымнан тұрған байқаудың әділ бағасын Зұлқарнайұлы Мұса қажы атындағы мешіттің Бас имамы Қыдырбек Исмайлов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бақытжан Сәуекенов және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Салпенова берді.
Байқау шарты бойынша өздерін таныстырудан бастаған қатысушылар екінші кезеңде мақал-мәтел сайысынан да сүрінбей өтті. Ал, үшінші айналымда ақсақалдар сахна төрінде бата беріп, ақ тілектерін арнады.
Іс-шара барысында «Әжелер» ансамблі мен қоса сахна төрінде өнерлі азаматтар Марат Омаров, Қанат Ражанов, Тобыл Болатов әннен шашу шашты.
Байқау қорытындысы бойынша «Ақ бата» сайысына белсенді атсалысқан ақсақалдар Амангелді Сатаев, Нұрахмет Қашқынбаев, Өтеген Қошанов, Батырғали Бекетов, Керей Оңайбеков, Сапаржан Тиышбаев марапатталды.
Қымбат Нағашыбай.
Суретті түсірген автор.