Банкроттық мәселелер талқыға түсті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылы қараша айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылғаны белгілі.

Міне, осы Заң аясында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің мәжіліс залында мүдделі органдардың, кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейдегі банктердің әрі бизнес-құрылым өкілдерінің қатысуымен «Оңалту және банкроттық мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тақырыбына арнайы семинар өтті.
Бір жағынан, бұл бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге заң жайында түсіндірілу әрі насихат мақсатында ұйымдастырылды. Аталған Заң кәсіпорынды банкрот деп танығаннан кейін оны сақтап қалудың баламалы тәсілдерін ұсынады. Мұнда банкротттықтың кез келген түрінде оңалту рәсімін қолдану және борышкер мен несие беруші арасында бітімгершілік жасау, сондай-ақ, банкрот болған кәсіпорынды сату және меншік иесін ауыстыру мүмкіндігін қарастырады.
Әрине, қазіргі дағдарыс уақытында кейбір банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындар бұл жайында, яғни, заң аясында шешудің ұсақ-түйек тетіктерін білмеуі ғажап емес. Семинардың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын насихаттау әрі күрделі мәселелерді заң аясында шешу мазмұнында өткендігі қатысушылар тарапынан өз бағасын алды.
Банкроттықтың алдын алу мақсатында өндірісті сақтап қалудың жаңа тәсілі осы заңда ұсынылған. Ол – борышкер мен несие беруші арасында төлем қабілетсіздігін келісім жасау арқылы оңтайландыру. Сонымен қатар, оңалту мен банкроттық рәсімдерді өткізудің ұзақтығы мәселесін шешу үшін Заңмен түбегейлі қарастыру һәм банкроттық туралы істердің сот арқылы белгілеу, сот актілерін аппеляциялық сатыда шағымдануды шектей тұру, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін құзырлы орындарға дереу жеткізу ұсынылған.
Семинар барысында аталған тақырып бойынша жауапты мамандарға сауал қойылып, жауап алынып, пікір айтылды.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.