Медицина мекемелері мекенге мұқтаж

"Бірінші байлық – денсаулық" деген дана халқымыз. Денсаулық – адам баласының баға жетпес құндылығы. Денсаулықтың орнын ешқандай қаражат та, байлық та толтыра алмайды. Қазіргі қоғамымыздың да алға қойып отырған мақсаты – осы денсаулық сақтау саласының жай – жапсарын түзеу. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың да жүзеге асып жатқаны белгілі.Фото0182
DSCF4374
"Халықтың денсаулығын сақтау – басты міндет"дей тұрғанымызбен ол іс жүзінде әлі де болса ақсап жатыр деуге болады. Оған себеп медицина мекемелерінің басқаны былай қойғанда жеке ғимаратқа мұқтаж болып отырғаны. Бұл жағдай әсіресе Арқалық қаласында қатты сезіледі.DSCF4420
Бас ғимаратқа басты мұқтаж болып отырған медициналық мекемелердің қатарына "Арқалық өңірлік емханасы" мен "Арқалық медицина колледжі" жатады. Бірі – өңірге қажетті дәрігер мамандарды даярласа, бірі – халықтың денсаулығына сақшы болып отыр.
Мәнісі кетпеген мәселе жалпақ жұртшылыққа аян. Біраз жылдан бері үлкен проблема ретінде көтеріліп, содан бері қоңырауын сыңғырлатумен келеді.
Сәл шегініс жасап, сол шақтағы ел атқамінерлерінің қаузаған мәселесіне тоқталар болсақ, таптаурын мәселені түбегейлі шешу үшін қала орталығында оңтайландыру кезінен бері есік – терезесі бітеліп тұрған мына бір ғимаратты (суретте) қолайлы деп тауып, "Таяу жылдары күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға береміз" деп тұрғындарды қуантып та қойған. Алайда, "Жабулы қазан жабулы күйінде қалды" дегендей, айтылған сөз де айтылған күйінде қала берді. Зардабын тұрғындар әлі тартып отыр.Медицина колледжі
Арқалық медицина колледжі
Арқалық медицина колледжінің бай тарихы бар. Десе де әлі күнге басыбайлы ғимараты жоқ. Білім алатын орын талапқа сай болу қажет. Бірақ, оның ауылы алыс болып тұр. Колледждің оқу ғимараты жалға алынған әрі тар, дәріс, тәжірибе кабинеттері жетіспейді.
Орын алған қиындықтарға қарамастан білікті мамандар ізбасарларын даярлау үстінде. Колледж ұжымының тәрбиелеп шығарған мамандары еліміздің аймақтарында жемісті еңбек етуде. Алысқа бармай – ақ, Арқалық қаласының емдеу орындарындағы орта буын мамандардың 80 пайызының осы оқу орнын бітіргенін айтсақ та жеткілікті сияқты. Колледж түлектері мұның сыртында жыл сайын Жоғарғы оқу орындарының студенттер қатарын толықтырады. Сөйтіп, медицина білімінің алғашқы сатысынан өткен жас мамандар жылдар өте келе денсаулық сақтау саласының майталман мамандарына айналады.
Динагүл Мұстақапқызы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Арқалық медицина колледжінің директоры:Д.Казбаева
– Арқалық медицина колледжінің құрылғанына 40 жылдан астам уақыт болды, әлі күнге өзіндік ғимараты жоқ. Оқу орны бұрынғы кәсіподақ ұйымының ғимаратын жалға алып отыр. Кезінде мына жанымызда тұрған бұрынғы ауылшаруашылық басқармасының, кейіннен ол "Арна" зауыты болды, осы алты қабатты ғимараттың "Жартсын медициналық колледжге, жартсын өңірлік емханаға береміз" деген. Бұл сұрақ көптен көтеріліп келе жатқан мәселе. Кейіннен ол үнсіз қалды. Қазір ол туралы айтылмайды да, көтерілмейді де.
Бізге арнайы жеке ғимарат керек. Біріншіден – біз облыс көлемінде білікті де білімді орта буын медицина қызметкерлерін дайындап жатқан оқу орны болып табыламыз. Бүгінде колледжімізде 400 – ге жуық шәкірт "Емдеу ісі" бойынша дәріс алады. Екіншіден – қазіргі заманауи талапқа сай жаңа мамандықтар ашылғалы жатыр. Демек, біздің жаңа мамандықтар даярлауымыз керек. Қазір "Сестралық іс" сияқты жаңа мамандықтарды оқытуға дайындықтар жүріп жатыр. Алдағы 2018 – 2019 жылдары осы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Ол үшін ең басты туындайтын қажеттілік – жеке ғимарат.
Арқалық өңірлік емханасы
Арқалық өңірлік емханасы жанына шипа іздеген жандардың бірден бір бас сұғатын орны. Емхана бұрынғы "межколхозстрой" ғимаратына қоныстанған. Басыбайлы мекендері болғанымен толыққанды іс жүргізуге мүмкіндіктері жоқ.
Жалпы, өңірлік емхана қала және қалаға қарасты елдімекендердегі балалар мен ересектерге мамандандырылған түрде дәрігерлік қызмет көрсетеді. Қамтитын жалпы көлемі 40 мыңнан астам халық. Емхана болса, тарыша шашылып, 4 бірдей бөлікке бөлінген. Оның әрқайсы қаланың әр бөлігінде. Екеуіне ғиамаратты жалға алып пайдаланып отыр. Атап айтқанда қалалық мешіттің жанындағы тұрғын үйдің төменгі қабатына орналасқан "Өңірлік емхана бөлімшесі", қалалық перзентхана ғимаратының екінші қабатынан жалға алынған "Әйелдер кеңесі", Арқалық аймақтық аурухананың екінші қабатынан жалға алынған "Амбулаториялық – хирургиялық бөлім".
Емханада оташы, акушер гинеколог, лор, невропотолог, терапевт, педиатор мамандары жетіспейді.
Ирина Туранина, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Арқалық өңірлік емханасының бас дәрігері:Туранина
– Өңірлік емхана 21 мамандық бойынша қабылдау жүргізеді. Мекен – жай мен мамандар жетіспеушілігі мәселелері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Соған қарамастан жұмыс жасап жатырмыз.
2015 жылдың қорытындысы бойынша емхана дәрігерлеріне келіп қаралған халық саны – 125966 (2014 ж 169586). Оның сырқатпен келгендері – 55440 (64512). Үйге шақыру – 5252 (12064). Бір тұрғынның орташа келуі – 3,4 (4,4). Өткен жылы 22464 (24712) сырқат тіркелді. Алғашқы ауру анықталғандар 15223 (16333).
Жыл ішінде – 798 нәресте (843) өмірге келді. Ай сайынғы мониторинг бойынша қан айналым жүйесі ауруы бойынша алғашқы тіркелім – 771 (918). Диспансерлік есепте – 5153 (4846). Диспансерлік аурулар қабылдау – 171 (161). Сауығып шыққандар – 1330 (1242). Флюрографиялық тексеру – 17551 (19346). Туберкулезге анықталғаны – 47 (27), өкпе анкопотологиясы – 5 (4).
Мамография кабинетінде Арқалық қаласымен қатар Амангелді, Жангелдин аудандарынан да әйелдер келіп тескерілді. Мамографиялық тексеру – 1498 (1488), патология анықталғаны – 268. Скрингтік тексеру барысында – 268 обыр ауруларының алғашқы белгілері анықталып, 100% емделді. Қан қысымына қаралған 2937 адамнан 96, қант диабетіне тексерілген 2937 адамнан 18, глаукома дертіне қаралған 3234 адамнан 4 ауру анықталып, барлығы да 100% емделді.
Жоспар бойынша 11405 бала қарау қажет болса, 11139 (97,6%) қаралды. 91 сырқат белгіленіп, 100% емделді. Қаралған балалардың 220 – сы (2,17 %) диспансерлік есепке алынды.
Алтын Рахымжанова, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Арқалық өңірлік емханасы бас дәрігерінің орынбасары:А.Ракимжанова
– Арқалық қаласына қарасты 18 ауыл – аймақта 2 дәрігерлік амбулатория (Родина, Ашутасты ауылдарында), 2 фельдшерлік акушерлік пункт (Восточный, Фурманов ауылдарында), 14 медициналық пункт (өзге ауылдарда) жұмыс істейді. Бәрінде де медицина қызметкерлері бар. Мамандармен 100%, медициналық жабдықтармен 92% қамтылған.
Өңірлік емханаға көршілес аудандардың тұрғындары да келіп қаралады. Емдеу мекемесінде кордиолог, онколог, ересектер дәрігері, стамотолог, окулист, лор кабинеті, рентген кабинеті жұмыс жасайды. Заманауи жабдықталған "ПМК" жылжымалы кешеніміз бар. Онда 12 маман қызмет атқарады. Шалғайдағы елдімекендерде халықтың денсаулықтарын қарап, тұрығындармен әңгімелесулер өткіземіз. Ауылдағы ағайындар алғыстарын айтуда. 2015 жылы 5118 адам қаралды. Оның 400 – і бала.
Кешен 2011 – 2015 жылдарға арналған "Салауатты – Қазақстан" бағдарламасы бойынша берілген болатын. Бағдарлама атауы 2016 – 2019 жылдарға "Денсаулық" бағдарламасы болып өзгерді. Мақсат – осы бағдарламаны әрі қарай дамытып, халықтың өмір сапасын жақсарту.
Дәрігерлер – қиындықпен санаспайтын ақ халатты абзал жандар. Орайы келгенде тындырымды ісімен көрініп жүрген әріптестерім жайлы айтып өткім келеді. Өңірлік емханада жұмыс жасайтын дәрігер – рентголог Қарлығаш Қайнекешова, балалар бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Боранбаева, жас маман дәрігер – кордиолог Александр Усенко, Родина ауылдық дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Жамал Байбуллина, Ашутасты ауылдық дәрігерлік – амбулаторияның меңгерушісі Майра Жүнісовалар үлгілі еңбектерімен халықтың алғысына кенелуде.
 
Арқалық өңірлік емханасының бөліміӨңірлік емхана
Бөлім мекен – жайы: Арқалық қаласы, Ш. Жәнібек, №93 тұрғын үйдің төменгі қабаты. Мекеме нысаны емханаға лайықталып жоспарланбағандықтан балаларды, ересектерді аралас қарауға тура келеді. Тығыздығы көп болғасын кей кездері халық сыймай жатады. Дәрігерлер үшін де, халық үшін де өте қолайсыз. Осы жерден қаралып, флюрогарфияға ана жақтан түсіп, қосымша анализдерді сол жаққа апарып тапсырады.
Қиындығы сол емханаға қаралуға барған адамдардың қаланың ана шетінен мына шетіне барып сабылып жүргендері.
Ләззат Оспанова, жоғары санаттағы врач – терапевт, Арқалық өңірлік емханасының "Терапея" бөлімінің меңгерушісі:Ляззат
– Бөліміміз ересек тұрғындарды медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Бөлімге 11 участок қарайды. Мұнда 4 терапеялық, 7 жалпы практикалық участок жұмыс істейді. Олар аралас тұрғындарды қабылдайды. Айталық, жалпы практикалық участокте 2200 халық болса, оның 1500 -і ересек адамдар да, 600 – 700 – і балалар. 15 телімді 10 дәрігер қамтамасыз етеді. Мамандардың тапшылығынан дәрігерлерге қосымша жұмыстар жүктелген. Атап айтар болсақ, педиятор, терапевт, жалпы дәрігер сияқты мамандар жетіспейді.
"Ауруын жасырған өледі" деген. Мәселеміз өте үлкен. Себебі, емхана бөліктерінің аралары алыс. Қол қойдыру үшін бір жаққа, мөр бастыру үшін бір жаққа жүгіреді. Сол жағы өте қиын. Сау адамның өзіне қиын, ал дерт қысып келген сырқаттың жағдайын түсіне беріңіз. Содан барып халықтың наразылығы туады. Жағдайды реттеу үшін бір уақыт балаларды, бір уақыт ересектерді қарауға тура келеді. Ата – аналар наразы.
Кейбіреулері тіпті дәрігерлерді тілдеп кетеді. Өте үлкен қиындық. Халықтың 50% наразылығы осыдан. Кезекке талас болып, айқай – шу болады.
Биғанша Төлеубаева, қала тұрғыны:Б.Төлеубаева – Маясова – №31 "А" мекен – жайынан осында келіп қараламын. Ауырғасын қаралу керек. Бүгін міне анализ тапсырып жатырмын. Біз сияқты үлкен адамдар көп. Жүріп – тұруы қиын қарт адамдарға емханаға келіп қаралу деген қиямет қайым. Таңатпай сағат жетіде келдік. Адамның көптігінен анализдерімізді жаңа тапсырып шығып отырмыз. Өтініш дәрігерге қаралып тексерілетін емхана бір жерде болса, емдеу мекемесінің жағдайларын жақсартса дейміз.
Нұрғали Дүйсенбаев, қала тұрғыны: Н. Дүйсенбаев– Ш. Жәнібек көшесі, №105 үйден келіп тұрмын. Жылына бір рет келіп денсаулығымызды тексертіп тұрамыз. Қаралатын емханамыздың аумағы өте тар. Екі адам өтсе сыймай қалады. Үлкені де, кішісі де сапырылысып жатыр. Қазіргідей дүниенің бәрі дамыған уақтта өте бір ыңғайсыз – ақ жағдай. Қайда барсақ та иінтіресіп тұрған қалың кезекті көреміз. Қазір енді емхананың өзіне баруым керек. Жылдағы көріп жүрген күніміз осы.
Түйін. Қорыта келгенде жоғарыда айтылғандай Арқалық қаласындағы аты аталған медицина мекемелері мекен – жайға аса мұқтаж. Мамандардың айтуынша олардың облыстағы басшылықтары "Ескі ғимаратты жөндеудің шығыны, жаңасын салғаннан асып түседі" деп тұжырымдаған. Ал, жаңа ғимараттардың қашан салынары сол баяғы жұмбақ күйінде қалып отыр.
 
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓