Баланың бал тілін байламайық
Бүгінгі таңда таңдайы тақылдап сөйлеп тұрған баланы көп көре бермейміз. Неше жасқа келсе де әріптерді дұрыс айта алмайтын бала көп. «Бала денсаулығы ананың құрсағында жатқан кезден қалыптасады, сөйлеу қабілетінде кездесетін ақаулар да іште жатқанда болады» дейді мамандар. Егер ана жиі ауырып, жүйкесі тозса ол да балаға беріледі екен. Ал сап-сау туған бала ұзақ уақыт емізік еміп, тіпті жаялыққа құндақталмаса, оның да айтарлықтай әсері тиетіні бар болып шықты. Қазіргі қоғамда жас ерекшелігі әртүрлі физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбеюі ата-аналарды ғана емес дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр. Осы орайда логопед-дефектолог, «Логопед+» орталығының меңгерушісі Қожанова Дина Қадырханқызымен бала тілінің кеш шығуының салдары, оны емдеу мен алдын алу жолдары жайында әңгімелескен едік.
– Дина Қадырханқызы, орталықтың ашылуы сұраныстан пайда болғанын түсініп отырмыз. Демек, сізге келетін балалар көп болғаны ғой.
– Осы салада 16 жыл тәжірибем бар. Алматыда, Астанада өз мамандығым бойынша еңбек еттім. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Қостанайға көшіп келдік. Орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына екі жылдың көлемі болды. Аутизммен, сал ауруымен ауырған балалармен көп жұмыс істедім. Бұл салада мол тәжірибем болған соң шығар, маған келіп, емделушілердің қатары артты. Мүлде сөйлемейтін балалардың тілін шығаруға барымды салып, жұмыс істеймін. Көбіне тілі шықпайтын балаларда психологиялық ауытқулар болып жатады. Оны мойындағысы келмей, намыстанып, ашуланатындар да бар. Бар жағдайды түсіндіріп, бағыт беруге тырысасың. Қазір аутистік спектрі бар балалар көбейіп жатыр. Бұрын ондай болмайтын. Біздің орталықта үш логопед, психолог, массажист, заманауи аппараттар бар. Олардың пайдасы өте жақсы.
– Бала тілінің кеш шығуына, немесе мүлде сөйлемеуіне не себеп?
–Баланың тілі ана құрсағында жатқаннан бастап қалыптасады. Бұрын әйелдер мықты, денсаулықтары да сау еді. Күйзеліске түсе бермейтін. Қазір әйел бала көтерген күннен бастап жүктілікті сақтау үшін күреседі. Бала бойға бітпей жатып, одан айрылып қалмасам екен деген қорқыныш қалыптасады. Бұрын ондай болмайтын. Мен білім алып жүргенде 100 әйелдің тек біреуі ғана Даун синдромымен туатын. Қазір бұл көрсеткіш жиілеп кетті. Мұндай жағдай әйелдің жасына қарай, қырықтан асқандарда кездесетін. Ал қазір жиырмадағы жап-жас келіншектер осындай сәбиін дүниеге әкеліп жатады. Себебі, әйелде түрлі аурулар көп. Сонымен қатар, WI-FI-дың адам ағзасына деген әсері әлі зерттелген жоқ. Оның қандай әсері барын білмейміз де. Тамақтың, жеміс-жидектің сапасы экологияға байланысты төмендеді. Қазір сөйлемейтін, ауру балалар тым көбейіп кетті дейміз, ал оған осының бәрі әсер етеді. Тағы бір себеп, бүгінде әйелді босандыру барысы дұрыс емес. Қазір бәрі де табиғи болуы керек деген қағида бар. Ал, барлық әйелдің өз бетінше босануға қауқары жетпейді. Жас келіншектер қимылдың аздығынан, дұрыс босана алмай қиналады. Уақыт-
ынан бұрын босану, дәрі-дәрмекті, дәрумендерді көп ішу осының бәрі де құрсақта жатқан баланың денсаулығына әсер етеді. Бір жарым жасқа дейін бала жақсы дамып, одан әрі қарай даму барысы тоқтап қалуы мүмкін. Оған да түрлі аурулармен ауырып, антибиотиктер алғанның әсері мол. Әлбетте, бала денсаулығына ана құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлген абзал.
ынан бұрын босану, дәрі-дәрмекті, дәрумендерді көп ішу осының бәрі де құрсақта жатқан баланың денсаулығына әсер етеді. Бір жарым жасқа дейін бала жақсы дамып, одан әрі қарай даму барысы тоқтап қалуы мүмкін. Оған да түрлі аурулармен ауырып, антибиотиктер алғанның әсері мол. Әлбетте, бала денсаулығына ана құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлген абзал.
– Кейде «бала тілі – бал» деп қызықтап еркелетіп, өзіміз де шолжаң сөйлеп кететініміз бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бала тілінің дұрыс шығуына ата-анасы жауапты. Шешесі екі тілде сөйлесе баланың тілі дұрыс болмайды. Біз оны ғылыми түрде «билингвизм» дейміз.Үйде орысша сөйлейді де, баланы қазақ тілді балабақшаға береді. Осыдан барып, бала не орысша, не қазақша сөйлей алмай, қиналады. Ол басқа тілде ойлап, сол ойын жеткізе алмай, сөйлемеуі мүмкін. Менің осы салада 16 жыл тәжірибем бар. Осы жылдарда байқағаным, соңғы 7-8 жыл ішінде сөйлемейтін, тілі шықпайтын балалар, аутизммен ауырмаса да, соның ұшқыны бар балалар көбейе бастады.
– Қазіргі дамып жатқан заманда көп дүниені ұялы телефонға жабамыз. Телефонға шұқшиятын бала көбейді. Бұл қаншалықты зиян?
– Әрине, телефонның зияны шаш етектен. Қазіргі аналар бала тумай жатып, жыламасын, құлағым тыныш, ұйқым қанық болсын деп телефонды қосып қояды. Аузына емізікті, бұтына жөргекті салады. Сосын бала үшке келгенде бәрі дамып, емізіктен арылып, тосып үйрене қояды деп ойлайды. Оның бәрін де балаға үйрету керек. Бала тәрбиелеу оңай емес. Осыны ата-аналар түсінсе деймін. Ауыздарында емізігі бар, бұттарына жөргек киген үш жасар балаларды да бізге әкеліп жатады. Үш жасқа дейін солай жүру деген масқара ғой. Бала өзінің физиологиялық бітімін дұрыс түсінуі керек. Барынша өзінің әрекет еткені жөн. Бүгінде балада қозғалыс жоқ. Орысша «контейнерные дети» дейміз. Баланы оята сала өзіміз тез-тез киіндіріп, көтеріп апарып, жылы машинаға мінгізіп, керек жеріне апара қоямыз. Өзінің дамуына мүмкіндік те бермейміз. Осының кесірінен баланың сенсорлық интеграцияны сезінуіне жол бермейміз. Біздегі тағы бір мәселе – нәрестені туа салысымен жаялыққа орамайды. Аяқ-қолын ербеңдетіп бос тастайды. Ол еркіндікті сезініп, бос жатуы керек дейді. Бесікке де салмайды. Бұл – үлкен қателік. Қарап отырсақ, кез келген ұлтта бесік бар. Баланы бесікке салып, әлди айта отырып, тербетіп ұйықтатады. Баланы жаялыққа орағанда ол шошынбайды, өз денесін өзі сезіп, жинақы жатады. Өз денесін өзі сезінбеген баланың миы да дұрыс болмайды. Ол өсе келе қол аяғының қайда екенін дұрыс ұқпай, ұрыншақ, ебедейсіз болады. Жағалай ұрынып жүреді. Сол себепті ол жыбырлақ, гиперактивті. Ондай балалар құшақтасқанды жақсы көреді. Сондықтан барынша бауырға қысып, құшақтау керек. Ол оны сезінуі тиіс.
– Қазақ халқы не болса да алдымен қазақы емге жүгінеді немесе еркелігі деп логопедке кеш барады. Баланың тілі шықпағанын қалай білеміз?
– Баланың тілі шықпай жүргенін бақыласаңыз, шара қабылдау керек. Қазақы емге апару қажет пе, жоқ па, әр ата-ана өзі шешеді, әрине. Бірақ уақыт жоғалтып алмауды ойлау керек. Бала екі жаста сөйлей алуы тиісті. Егер ондай байқалмаса мамандарға барып, аурудың салдарын анықтау қажет. Бізге 4-5 жастағы сөйлей алмайтын балалар келеді. Орталықта бала бір жарым сағат ғана болады. Одан толық сөйлеп кетпейді. Біз оған жол ашамыз. Үйде баламен жұмыс істеп, жаттығу жасап, көп еңбектеніп, сөйлесу керек. Осы орайда тағы бір мәселеге тоқталар болсам, пандемияның кесірін енді көріп жатырмыз. Сол кезде үйде оқығанның кесірінен дауыстап оқи алмайтын 10-11 жастағы балалар келіп жатыр. Не оқығанын өздері де түсінбейді, түсінігін кеңейтіп айтып бере алмайды. Сондықтан балаға кітап оқытып, оны дауыстап түсіндіріп, түсінігін сұрап отырған жөн.
– Қостанайда қазақ тілді мамандарды табу қиын, не себепті олай?
– Қостанайда қазақ тілді логопедтер саусақпен санарлық. Бәрі орысша десе де болады. Логопедті бала қай тілді жақсы түсінсе соған қарай таңдаған жөн. Біздің орталықта бір балаға курс алу үшін диагнозына қарай кем дегенде 80-90 мыңдай қаражат кетеді. Олардың әрқайсысының деңгейіне арналған сабақтар мен жаттығулар, массаж жасалады. Балаға бала тілімен емес, анық, түсінікті етіп жауап беру керек. Сонда бала сөзді дұрыс айта біледі. Тілі шыққанда аса мән беріп, уақыт өткізіп, мезгілінен кеш қалмауды ойласа екен деймін.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.